ТҮРКІСТАН: ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫММЕН ҚАМТУ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, аудан және қалалар бойынша 174 ауылдық округ, оның ішінде 841 елді мекенге талдау жасалды. 2022 жылы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектарды құрады.
2022 жылы ауыл маңындағы ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Жауапты сала өкілдерінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде жыл соңында елді мекен тұрғындары 1034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді. Оның ішінде бастапқыда 405,2 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделген болса, тиісті шаралардың аясында 412,2 мың гектар жер қайтарылды. Ал ірі жер пайдаланушыларымен меморандум арқылы 606,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамту жоспарға алынып, 622,6 мың гектар жер келісім аясында ортақ пайдалануға берілді. Қорыта айтқанда, жоспар 102,3 пайызға артығымен орындалды. 2023 жылы жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрап отыр.
Биыл да ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету барысы екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қажеттілікке байланысты мемлекет меншігіне қайтару және меморандум түзу арқылы ортақ пайдалануға беру бағыттары бойынша ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда, Мемлекет басшысының Жолдауындағы ауылдарда шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2,5 пайызбен несие беру тапсырмасына орай, жайылым қоры шектеулі аудандарда отбасылық сүт фермаларын және мал бордақылау алаңдарын құру, жеке қосалқы шаруашылықтардағы шағын мал бордақылау алаңдарын ұлғайту, кооперативтерге біріктіру арқылы елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімдігінің салаға жауапты басқармалары мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп, ұсыныстар негізінде жоспар болжамын әзірлеу үстінде. Елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен және заң аясында жалғасын табады.