ТҮРКІСТАН: ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Бұл туралы Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы брифинг барысында мәлім етті.
– Өңірде діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрғындардың иммунитетін қалыптастыру мақсатында жергілікті БАҚ-та 2022 жылы жалпы 815 материал, ал деструктивті діни ағымға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін 204 материал жарияланды. Жергілікті телеарналардан діни тұрақтылықты сақтау бағытында жүйелі түрде телебағдарламалар ұйымдастырылып келеді. Жалпы өткен жылы өңірде діни негізде қақтығыстар орын алмаған, діни ахуал тұрақты. Алдағы уақытта бұл бағытта игілікті істер жалғасады, — деді басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, басқарма тарапынан былтыр 3 тақырыпта жалпы 10 500 дана әдістемелік құралдар дайындалып, шығарылған. Сондай-ақ, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 4 тақырыпта ақпараттық 10 000 дана бүктеме шығарылып, таратылған. Одан бөлек, арнайы 3 фильм мен 10 бейнеролик шығарылып, әлеуметтік желілерде және ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында насихатталып жатыр.
Сонымен қатар, өткен жылы 35 құқықбұзушылық орын алды. Атап айтқанда, ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу бойынша – 26, ал БАҚ өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi ҚР аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату бойынша 9 жағдай анықталып, айыппұл салынды.
Брифинг барысында Түркістан облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Медет Халықов алдағы атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.
– Өңірде деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында «Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы» байқауы басталғанын жариялаймыз. Байқауға қатысушыларды жергiлiктi аудан, қалалық және өзге де мемлекеттiк органдар, білім беру мекемелері, қоғамдық бiрлестiктер мен ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар бере алады. Осы ретте дұрыс емес ақпарат ұсынылған жағдайда үміткер байқауға қатысуға жiберiлмейдi. Қатысушылар өздерінің шығармашылық жұмыстарын Instagram, Facebook әлеуметтік парақшаларында жариялап, Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Instagram, Facebook парақшаларын белгілеу және #ҮздікАТТ хэштегін қою міндетті, — деді Медет Мұзаппарұлы.
Одан бөлек, білім беру ұйымдарында 9-11 сынып оқушылары арасында шығармашылық бәйге өтеді. Бәйгеге іріктеу алдымен барлық қала, аудандарда жүргізіліп, жеңімпаздар облыстық жарысқа жолдама алады. Сайысқа қатысатын шығармалар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы шарт. Шығарма көлемі 4-5 беттен аспауы тиіс. Шығармалар мазмұнына шектеу қойылмайды. Ең бастысы, шығарма қоғам арасында адамгершілік, имандылық, отансүйгіштік, ата-анаға құрмет, бауырмалдылық және т.б. адам бойындағы құнды қасиеттерді дәріптейтін барлық жанрда болуы тиіс. Толық ақпараттарды +7 701 548 8333 байланыс нөмірінен білуге болады. Шығармашылық бәйге қорытындысы мен сыйлық табыстау салтанаты 2023 жылдың мамыр айында өтеді.
Айта кетейік, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесі «Turkistan-109» — байланыс қызметіне енгізілді. Бұл өз кезегінде өңірдегі жастардың барлық салада кездесетін проблемалық мәселелерді зерделеуге және қала, аудандар арасында зерттеу нәтижелерін көруге ықпалын тигізеді.