ТҮРКІСТАН: Д.САТЫБАЛДЫ МЕРДІГЕРЛЕРГЕ БІРНЕШЕ ТАЛАП ҚОЙДЫ

Облыс орталығында абаттандыру шаралары жүйелі жалғасуда. Ең бастысы, демалыс орындары халыққа ыңғайлы әрі көрікті болуы керек. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жоспарланған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу қажеттігін айтты. Жауапты қызметтердің басшыларына барлық қоғамдық нысандардың жағдайын күнделікті бақылауға алуды міндеттеді.
Көгалдандыруға ерекше назар аударылатынын айтқан өңір басшысы жұмыстың сапасына айрықша назар аударуды ескертті. Мердігерлердің тұрғындар пікіріне құлақ асып, ескертулерін қаперге алуын міндеттеді.
Жұмыстың қарқынын күшейту үшін қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында бой көтерген жаңа нысандардың бірқатарын аралап, құрылыс барысымен танысты.
Облыс әкімі жауапты басшылар мен мердігерлермен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Тапсырмалар берді. Құрылыс барысын көріп, өзінің бірқатар талаптарын қойды. Мемелеттік нысандардың барлық талаптарға сай салынуын қадағалауды жүктеді.
— Түркістан қаласын дамыту жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл — мемлекеттің үлкен қолдауы. Құрылыс саласына тартылған инвестиция да елге қызмет етуі тиіс. Әрбір нысан елге арналғандықтан үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмысты адал істеу керек, — деді Д. Сатыбалды.
Түркістан қаласында облыстың күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының жаңа ғимараттары салынып жатыр. Әкімге әкімшілік-іскерлік аумағында орналасқан Түркістан облыстық полиция департаментінің құрылысын бойынша баяндалды. 470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы ауданы — 4 мың м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістанда 100 пайыз цифрлық жүйеге қосылған медициналық жедел жәрдем орталығы заманауи техникамен жабдықталады. Инвестициялық жобамен салынған медициналық орталық 4 санат бойынша «алтын сағат» қағидасына сай жұмыс істейді. Облыс бойынша 140 жедел медициналық жәрдем бригадалары шақыртулар бойынша қызмет атқарады.
Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимаратында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. 200 бөлмелі бес қабатты ғимаратта спортшылар мен жаттықтырушылар орналасады. Облыс әкімі нысан сапасына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.