ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ 14 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков жастар сарайында Шаян ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы өткен 2022 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, 2023 жылы атқарылатын бірқатар жоспарлармен бөлісті.
Есептік жиында тұрғындар ауыз су, малды өріске шығару мен пада жайылымдық жер және өзге де мәселелерді қозғады. Тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша аудан басшысы мен тиісті мекеме басшылары және ауыл әкімі жауаптарын берді.
– Барша аудан тұрғындарын және бүгінгі жиынға қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, Шаяндағы тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бойынша барлық көшелердегі су құбырлары жаңартылды. Биыл пайдалануға беріледі. Су құбырын жаңарту кезінде қазылған жолдарды жөндеу мақсатында биыл орталықтағы 14 көшеге жаңадан асфальт жол төселеді. Жұмыстар осы наурыз айының аяғында басталады. Қалған жолдар қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жөнделетін болады. Екі қабатты үйлердің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделеді. Орталық көшелердің бойынан төрт жерге бір мезгіл тұрғындар демалып отыратын шатырлар орнатылатын болады, – деді Ержігіт Шәріпбеков.
Сонымен қатар құрылысы жүргізіліп жатқан 100 мың кітап қорына арналған кітапхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Шаян ауылынан 170 гектар (1160 учаске) жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесінің жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Аталған инфрақұрылым аяқталғанда кезекте тұрған жалпы 1495 азамат үй іргелік жермен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ 1 қабатты 20 үйдің және орталық стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп сараптамалық қорытындысы алынды.
Жалпы аудан орталығында биыл атқарылатын бірнеше жоба бар. Бұл жобалар қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады.