ТҮРКІСТАН: АРЫСТЫҚ ӨРЕНДЕР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ
Арыс қаласындағы Орталық Әл-Фараби алаңында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған болашақ сарбаздарды әскерге шығарып салу жиыны өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Шараға қала басшысы Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, және мектеп оқушылары мен колледж студенттері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскерге шақырылған жастардың ата-аналары, қоғамдық бірлестік өкілдері, ардагерлер, мен қала тұрғындары қатысты.
Сондай-ақ шара барысында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова сөз сөйлеп, болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі.
«Әскери қызметті ел үшін, туған жер үшін адал атқарыңыздар. Арыстық сарбаздар жайлы тек жақсы сөз естиік. Себебі біздің қала — тарихта қайсар мінезімізбен танылған. Ел айбынын асқақтатар азаматтарға борыштарын аман-есен атқаруға тілектеспін. Антына адал, сертке берік болып, әскери міндетті мінсіз атқарып келіңіздер!» — деді қала әкімі.
Сонымен қатар болашақ сарбаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Салтанатты жиынға қатысушыларды қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы подполковник Ерлан Төлендіұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әскерге шақырылушыларға азаматтық борыштарын абыроймен өтеп келулеріне тілектесігін білдірді. Еңбек ардагері, қаламыздың құрметті азаматы Қонысбек Балқыбек болашақ сарбаздарға ақ батасын берді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Олар еліміздің 42 жоғарғы оқу орнында тегін білім ала алады. Сондай-ақ, офицер атағын алу үшін ЖОО-ның әскери кафедрасына емтихансыз грантқа түсу мүмкіндігі беріледі.
Жалпы, биыл Арыс қаласында көктемгі шақырылымда 107 бала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, күзгі шақырылымда тағы 100-ден аса баланы әскер сапына алу жоспарлануда. Ал, бүгін аттанған 10 болашақ сарбаздар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Мемлекеттік күзет қызметіне және аэроұтқыр әскерлері сапына алу жоспарлануда.