ҚАРАТАУ АУЫЛЫНДА БОЙ КӨТЕРГЕН ОЙЫН АЛАҢЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛЫП, ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгінде Қаратау ауылдық округінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаратау ауылында қазіргі таңда жастар арасында спортты дамытып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында салынған жабық футбол алаңының құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Спорт алаңының ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ ауыл жастары кез-келген мезгілде спортпен шұғылдануға жағдай жасау мақсатында келер жылдан бастап өзге де ауылдық округтерде осы секілді спорттық нысандар кезең-кезеңімен жалғасын тауып, бой көтеретінін айтып өтті.
Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Омар Іргебай тұрғындарды құттықтап, жаңа нысан ауыл жастары спортты жанынна серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мүмкіндік екендігін тілге тиек етті.
Ауыл қариясы Созақ ауданының құрметті азаматы Асқарбайұлы Өзбек аудан басшысына бұған дейін тұрғындардың жеткізген талап-тілектерінің аяқсыз қалмағандығын айтты. Ауылдық округте басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алғысын жеткізді.
Жалпы құны 93,4 млн теңгені құраған кіші футболға арнап ашылған жабық үлгідегі ойын алаңы кез- келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы етіп жабдықталған. Нысанның аумағы 1000 шаршы метрді құрайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудан көлемінде 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Бүгінде аудан орталығынан құны 2 млрд қа жақын заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауданы 3 га болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Нысанның құрылысы аяталған соң кіші футболдан республикалық турнирлерден бой көрсетер «Созақ» футбол командасын құру жоспарлауда.
Бұдан бөлек, Созақ ауылынан салынып жатқан 1000 орындық спорт алаңының құрылысы осы жылдың соңына дейін тапсырылады. (жоба құны 483 млн. теңге). Сондай-ақ Шу ауылынан баскетбол алаңы, Сарыжаз елді мекенінен және аудан орталығындағы Жібек Жолы-2 көшесінің төменгі тұсынан балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылысы басталып, С. Абуов және А. Спатаев көшесінің бойындағы алаңшалар пайдалануға берілді. Бұған қосымша Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендері мен Шолаққорған ауылының Ж. Ерімбетов көшелеріне балалар ойын алаңын салу жоспарлануда.
Осылайша қазіргі таңда тұрғындардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануы мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданымызда спорттық инфрақұрылымның саны едәуір артып отыр.