Тұранның тумасы — ер Қаныбек

Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алар ақын-жазушыларымыз көп десек, соның бірі от ауызды, орақ тілді Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, түркістандық қаламгер, ақын, айтыскер, журналист Қаныбек Сарыбаев. Кеңес одағы кезінде Жазушылар Одағындағы қарымды қаламгерлер кемде-кем болса, соның бірі де бірегейі ер Қаныбек ағамыз.  Оның жанында бірге жүрген достары Қаныбек ағамыздың турашыл, қарапайым, адал да жанашыр мінезі оны тек жоғарыға жетелей білді деп тау тұлғалы азаматтығын айтып, еске алады.

1938 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген көрнекті тұлға еңбекке ерте араласып, Түркістан, Кентау, Арыс қалаларындағы редакцияларда белді қызметтерді қызыға әрі асқан жауапкершілікпен атқарған. Түркістан қаласы мен Отырар ауданының Құрметті азаматы атанған ақын В.И.Лениннің 100 жылдығына орай «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1967 жылы драма, 1987 жылы поэзия жанры бойынша Бүкілодақтық халық творчествосы фестивалінің екі дүркін лауреаты атанған.

Ол өзінің 16 жылын шығармашылыққа жақын және өнерге жаны құмар дарынды балаларға арнады. Нақтырақ айтсақ, Отырар ауданында ақындар мектебінің ашылуына түрткі болып, осынша уақыт аталмыш мектепті басқарды.

15 жасынан бастап ақындық қырын көрсетіп, баспасөз бетін жаңғыртқан жанның шырмаулы әлемге аяқ басуы да ата-анасынан дарыған. Ақыннан тараған төрт ұл мен төрт қыздың барлығы шығармашылыққа, ақындық пен журналистикаға аса жақын болып өсті. Әке ізін жалғаған, «Түркістан» газетінің директор-редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, журналист Ләззат Сарыбаева – біз үшін осындай дарынды тұлғаның артынан ерген қызы ғана емес, бізге өзіндік жолын, баспасөзде 20 жылдан астам уақыт жинаған тәжірибесін танытып келе жатқан жанашыр жан. Біз бұл ретте Ләззат Қаныбекқызын әкесі жайлы сыр шертуге тарттық:

– Әкеміз өте балажан, ұл-қыздары мен немерелеріне деген сүйіспеншілігі жоғары еді. Жазған өлеңдерінің он шақты түпнұсқасын жазып қоятын. Көп ақындар ұйқас үшін шығарса, біздің әкеміздің бір ерекшелігі – нағыз тума талант болатын. Құлағыма тылсым күш сыбырлап тұратын дейтін. Әкем өз өлеңдерінің барлығын жатқа білетін. Нағыз ақын – менің әкемдей болуы керек. Біз әкелі-қыз болып ылғи бірге жүрдік. Қандай жиын, мереке болмасын мені жанына ертіп алатын. Ол менің әкем болып қана емес, халықтың жанашыры, халықтың адамы болып өмір сүрді. «Отаннан басқа бағым жоқ, Отаннан басқа сорым жоқ. Отаннан басқа ойларға, Басымда менің орын жоқ!» деп жырлап өткен ақынның есімі бүкіл халыққа жетуі керек деп ойлаймын. Осындай халықтың күйін күйттеген жандарға аса көңіл бөлініп, еске алып отырса. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына қарсы «Меккеге тете мекенім» атты кітабы жарық көрді. Дегенмен Ө.Әметұлының тұсында ол Түркістан медицина колледжінің баспаханасында 20 ғана данамен шықты. Кейін қалада ауыс-түйістер орын алып, кітапты шығару қалып қойды. Жаны жомарт жандар әкемнің көзі тірісінде бастау алған осы кітапты шығарып, оқырмандарға жол тартуына ықпал жасаса деген тілегім бар. Былтыр 80 жылдығы ескерусіз қалып кеткендігі қынжылтады. Ол халықтың атынан сөйлеп, өлеңдерімен ащы шындықты жеткізе білді. Халықтың адамын халық әрдайым біліп жүруі тиіс. Кітапханаларда іс-шаралар өткенімен, қала, облыс көлемінде аталып өтілсе, – деп қызы Ләззат Сарыбаева көңіл кірбіңіндегі ойын білдірді.

Ләззат Қаныбекқызының кенже қызының есімі – Поэзия. Бұл есім миллионның бірінде, тіпті 18 млн халықтың ішінде жалғыз атау секілді.

Поэзия адамзатта жоқ есім,

Асқарлардан асырып тұр өрісін.

Немересінің есімінен көресің,

Атасы мен әжесінің ой-өрісін, – деп ақиық ақын, нағашы атасы Қаныбек Сарыбаев есімін қойған 20 жастағы Поэзияның жазуға деген қызығушылығы да жоқ емес.

– Поэзияға кішкентай кезінде «Сен ақын болуың керек. Сенің есімің – Поэзия. Атаңның жолымен жүруің керек» деп айтып отыратынмын. Сонда 2-сыныпта оқып жүргенінде үйге жүгіріп келіп: «Анашым, мен өлең шығардым!» деді. Төрт қатар өлеңін былай оқимын, былай қараймын, сөздері таныс. «Мынаны бір ақыннан көшіріп алмадың ба? Олай жасауға болмайды» десем, «Кітапханаға барып көшірдім. Өзіңіз ылғи ақын болуың керек деп айтасыз ғой» деп түрін бұзып айтып тұр. Сөйтсем, Ұлы ақын Абайдың өлеңін көшіріп әкеліпті. Ақындық қасиет үлкен екі ұлымда бар, ал қызым журналистикаға жақын, материалдар жазып тұрады, – дейді Ләззат Қаныбекқызы. Ақиық ақынның облыс әкімі Халық Абдуллаевтың қолдауымен жарық көрген «Қазақия» атты кітап журналистика әлеміндегі орны бөлек Төрекелді Байтасовтың баспаханасында жарық көрді.

Тұрабай Мырзахметовтың редакторлық тұсында «Түркістан» газетінде жауапты хатшыға дейін көтерілген журналистің қаламы қарымды, мақалалары өткір болды. Жары Ұғылан Ақтайқызы Шәуілдірден Түркістанға келіп, газет баспаханасында жұмыс істеген. Осылайша екеуін журналистика, оның ішінде «Түркістан» газеті жаңа отбасының құрылуында сеп болған.

«Ішіп-жеу үшін ғана өмір сүрген бірталай жігіттерге наразымын!» деп өзінің өлеңдерінде жігіттерді қалың ұйқыдан оянуға, елдің ертеңін ойлауға шақырған. Оның туған жерге деген құрметі мен сүйіспеншілігі осындай тақырыптардың тууына арқау бола білді.

Оның «Түркістан» атты жыр-шумағында: Сен енді ғасырлармен замандассың,

Бақытты құшағыңды маған да аштың.

Кезгенмен жердің үстін дәл өзіңдей,

Мейірбан шаһарды мен таба алмаспын!, – деп киелі мекеннің кереметін айтып, еш жермен салыстыруға келмейтін Түркістанды әлі-ақ мәртебеге ие боласың деп айтқан сенімі бүгінде орындалды емес пе?

Тегеуріні текті, арда ұлдың бүгінде халық арасында 10 кітабының тұсауы кесілген. «Тұңғыш кітап», «Елім – менің өлеңім», «Қазақия», «Менің сүрген өмірім», «Отырар оттары», «Жүріп келе жатырмын», «Қызыл керуен», «Сезімдер сарайынан репортаж» және «Жүрегімнің алауы» атты кітаптары 1964-2008 жылдары жарық көріп келді. «Жүрегімнің алауы» атты кітабы сол кездегі қала әкімі Әли Бектаевтың қолдауымен, замандасы Н.Назаров пен қызы Л.Сарыбаеваның ізденісімен жарық көрсе, соңғы шыққан «Ләззат пен азап» атты өлеңдер жинағы 2013 жылы Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевтың демеуімен Қаныбек Сарыбаевтың 75 жылдығы қарсаңында 600 данамен қалың көпшілікке ұсынылған. Ләззат Қаныбекқызы әкесінің шығармашылығының ұмыт болмай, халық арасында таралуына қолдау білдірген шаһар басшылары болған Ә.Бектаев пен Ә.Өсербаевқа ерекше алғысын да білдірді.

Қаныбек Сарыбаевтың ақындық мектепті басқарғанын да айтып өттік. Ол мектеп сол уақытта да, бүгін де жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, аталмыш мектептің алғашқы түлегі болып табылатын Бекарыс Шойбеков бүгінде Қазақстанға танымал айтыскер ақын. Біз осы тұста Бекарыс Ақсақалұлынан ұстазы жайлы сыр шертуін сұраған едік:

«Ел ішіндегі жас таланттарды, әсіресе мектеп қабырғасындағы оқушыларды таныту, шыңдау мақсатында аудандық мәдениет үйінің ішінен ашылған ақындар мектебінің ұстазы Қаныбек Сарыбаев пен Әселхан Қалыбекова болатын. 1988-1989 жылдары Отырар ауданында оқушылар арасында айтыс болып, одан дараланып шыққан 20-30 шақты оқушы осы мектепке шақырылды. Сол оқушылардың ішінде мен де болдым. Өлеңнің не екенін, оның қалай өрілетінін, айтыста қалай қолдану керектігін де осы қарашаңырақтан үйрендік. Қыздар Әселхан апайдың, біз, жігіттер, Қаныбек ағаның шәкірттері болып шыға келдік. Қыз-жігіттер болып жарыса айтысып, солай шыңдалатынбыз да. Қаныбек Сарыбаев біздің көзімізді ашқан алғашқы, жалғыз ұстазымыз. Ол жазба поэзияның өкілі, айтыскерлікке де ұста, өлеңге жүйрік. Ол бізді алдымен шапшаң жауап беруге үйретті. Өйткені, айтыстың мақсаты – тапқырлық, суырыпсалмалық пен ұтқырлық. Жыр-термелерді жатқа айтқызатын. «Осы бізге жыр-терме мен толғауды не үшін жаттатқызып жатыр?» деп түсінбейтін едік. Бүгін ойласақ, оның бәрі бізге үлкен қор болған екен. Сол қорды қазіргі күнге дейін пайдаланып келеміз. Біздің бағымызға жаралған, бізге бағыт-бағдар сілтеген де Қанекең. Өлеңді жай айта берсең арнау не толғау болып шығады. Қазақта «Ұстаз алдын көрген» деген сөз бар ғой. Сол кез келген адамда байқалады. Мәселен, спортта да табиғи күш болады. Бірақ, бір-екі жеңістен соң оған біреу жол сілтеп отырмаса болмайды. Сол сияқты, айтыста да әдіс-тәсілді меңгермесе, бағдарын айқындап алмаса ерте сарқылуы мүмкін. Жалпы, өмірде де, өнерде де ұстаздың жолы ерекше. Ол кісі өте ұтқыр, жайдары, тартымды, әзілқой, астарлап сөйлейтін жан болды. Тіпті, онымен үйінде сөйлесіп отырсақ, әңгімемізді әйелі Ұғылан апа түсіне бермейтін. Себебі, біздің өз сөйлеу тәсіліміз болды. Көп ортада ақылдасып, әзілдесіп отыратынбыз. Біраз адам сыртымыздан таңырқап қарайтын. 10-12 жыл сол кісінің көз алдында айтысып, талайына бірге бардық.

Қанекең бізге күнде керек. Сондықтан, туған күнін жыл сайын атап өтсек те көптік қылмайды. Мүмкіндік болса, күзде кешін өткіземіз деп жоспарлаудамыз. Оны міндетті түрде жасаймыз да. Сондай-ақ, қаламыздағы «Өнер мектебін» көзі тірісінде Қаныбек Сарыбаевтың атымен ашамыз деген арманымыз болған еді. Болашақта ұсыну да ойымызда бар. Мектептің мақсаты – ақындарды тәрбиелеп шығару, ұлттық дәстүрлі өнерді дамыту, терме, жыр, күйшілікті дамыту еді. Бұл мектеп Қанекеңнің атына жараса кетеді деп ойлаймын. Ұлтымыздың намысын қорғаған арда азаматтың кітаптарын Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шахановтар кесек-кесек ойларын білдіріп, жоғары бағалағанын да айта кеткеніміз жөн», – деді шәкірті Б.Шойбеков.

Б.Шойбековпен қатар Тәушен Әбуова, Жәкен Омаров, Айгүл Асанова, Маржан Есжановаларды айтыс әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар жандар деп білеміз. Ал, бүгінде аталмыш мектептен шығып жүрген озық ойлы ақындар да жоқ емес.

Түркістантанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрмахан Назаровтан да замандасы, досы, әріптесі жайлы сырлы оқиғалардан сыр шертуін сұраған едік: «Иә, Қаныбек Сарыбаев өзінен бұрынғы да, өз кезіндегі де, қазіргі дарынды ақындардың бәрінен де өзгешелігі, ерекшелігі айрықша жан еді. Бір жинағы шыға салысымен-ақ ол Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды. Аяулы анасы болғанымен, әке жағынан жастай жетімдік көріп өсті. Ол ҚазҰУ-ді сырттай оқып, Оңтүстік Қазақстан облысының біршама аудандарында, тіпті Өзбекстанның Фарш аудандық газеттерінде еңбек етті. Жасы үлкен әрі облысқа танымал ақын болса да, мектеп оқушысы болып жүрген маған шынайы ықыласымен қарайтын. Өлеңдерін маған айтып, сонысымен-ақ мені нашар өлең жазудан сақтандыратын. Оның өлеңдері мінезімен пара-пар, алмастай өткірлігі мен шыншылдығын танытатын. Қаныбек о дүниелік болып кете барды. Ендігі біз атқарар бір сауап іс – Қаныбектің шығармаларын жинақтап, жарыққа шығару.

1962 жылдың күзі. Қызылорда педагогикалық институтында филология факультетінде оқып жүрген студентпін. Бұл уақытта Қаныбек Сарыбаев Алғабас ауылында редакцияда қызмет істейді. Біз ылғи хат жазысып, хабарласып тұрамыз. Бір күні маған: «Сен пәлен айдың пәлен күнінде маған хабарлас. Мен Алғабастан Шымкентке қарай пойызға шығамын, сен Қызылордадан пәлен пойызға мін, сөйтіп Алматыға барып, сені жұртпен таныстырамын» деді. Келісіп мініп, бір вагонда кездесіп Алматыдан бір-ақ шықтық. Онда Тұманбай Молдағалиев, Бекен Әбдіразақов, Мұқағали Мақатаев сынды көрнекті қаламгерлермен кездестірді. Есік алдында Олжас Сүлейменовпен де таныстым. Сонда Т.Молдағалиевке барып, менің өлеңдерімді көрсетті. Ондағы біздің бар тапқан пайдамыз – жастықтың әсерімен екеуміз қыдырып, біраз мықты жігіттермен танысқанымыз. Одан басқа пайдамыз – ауылға келген соң Қаныбек редактордан сөгіс алған. Ол екі күнге деп сұранып, 4-5 күн жоқ болады. Ал мен бір айлық стипендиядан қағылдым.

Бір уақыттарда Түркістанда қалалық мәслихатта жұмыс істеп жүрмін. Шаһарда 100 шақты депутат болса, соның бірі мен едім. Марқұм Түгелбай Ботақараев деген ақын бар еді. Бізден жолы да, жасы да біршама үлкен. Соның жиынында жұмыстан шығып барып, Қаныбек екеуміз бірге дәмдес болдық. Мен депутаттық төсбелгіммен отыр екенмін. Бір уақытта: «Нұрмахан, мына төсбелгіні тойға да, басқаға да тағып бара бересің ба? Мұныңды 1-2 рет байқап қалдым», – деді. Содан кейін ол төсбелгіні арнайы сессияларда болмаса, мүлде тақпайтын болдым. Оның осындай кішіге ізеттілігі де бар. Ол пендешіліктен аулақ болған, біреудің артынан сөз айтпай, бетіне тіке келіп, «мынауың дұрыс емес» дейтін мінезі бар. Өзін өзгеден жоғары ұстаған емес», – деп бірге өткерген естеліктерімен бөлісті.

Айтыскер ақын Әбдікерім МАНАПОВ: «Қаныбек екеуміз дос болдық, бірге көп жүрдік, араластық. Ол сондай ойынпаз, әзілқой болды. Әзілдері, өтірік өлеңдері ішек-сілеңді қатырады. Кейде күле беріп, «Қойшы, айналайын…» деуге мәжбүр боласың. Ол драма актері еді. Оның әзілдері тіптен керемет, тілі оттай болатын. Ол өзімен қызмет еткендерді қылығына дейін келтіріп, күлдіріп салатын. Тіпті сен туралы анекдот шығарып қояды да, оны әр жерде айтып, өзіңе мойындататын. Екеуміз де автоклуб меңгерушісі болдық. Жұмысшыларға мәдени шаралар өткізіп, мен музыкант, ол жүргізуші ретінде мақта теруден қайтқан колледждің ұл-қыздарына барамыз. Олар кешкісін мақта теріп болған соң демалуға қайтады. Біз сол кезде күтіп тұрамыз да, бір сағаттық концерт ұйымдастырып, көңілдерін көтеруге тырысатынбыз. Автоклуб – ол көшпелі клуб. Малшыларға, егіншілерге, мақташыларға қызмет көрсетеді. Мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, оларға кино, концерт береді. Біз бұдан бұрын да таныс болдық. Ол автоклубқа кейін келді. Оған дейінгі жылдарда автоклубты Елтай Бимаханбетұлы басқарды. Ол ақын жанды адам болған соң, жанында Қ.Бегманов, Т.Ботақараев, Ө.Сәуірбаевтар болды.

Төлеген, Мұқағалиларды:

Не деген ғажап еді бұл жолдар,

Төлеген, Мұқағали тірі болса… деп келіп,

Біздер ақын атандық олар жоқта,

Кетіпті кемеңгердің көбі ар жаққа

Тірісінде жолдас едік

Жарайды енді,

Солардың шәкірттері бола алсақ та, – деп Төлеген мен Мұқағалиді мойындап отырып, өзін көтеріп отыр ғой.

Ол жастарға, жас ақындарға көп қамқорлық жасайтын. Ақылын айтып отыратын. Республикалық айтыста 3 рет айтысты.

Бірде Қанекең Бөгеннің ақынымен облыстық айтысқа түсіп жатыр. Сонда Қаныбектің әзілінің қаттылығы:

«Бұл бәйгеге қосылдым.

Шауып келіп қиырдан.

Сонша ақыннан Заманбек,

Сіз болдыңыз бұйырған.

Қыздай жігіт екенсіз,

Қасы-көзі қиылған» деп айтқан. Бойы елжірейген, мұрыны дәу, түрі қоржым-қоржым адамда қандай қиылған қас пен көз? Кейіннен екеуі дос болып кетті.

Оның тағы бір өнері – әндерге сөз жазды. Менің «Қаратау қарлығашы» атты әніме сөз жазып: «Бір апта жаздым. Енді әнге сөз жазбаймын. Керегі жоқ» деп қиын екенін айтты. Бір күні Қанекең келіп:

Кәрім, бір ән шығардым.

Жақсы екен, қандай ән?

Кеше қолыма домбыра есіліп жүре берді. Содан «Бытпылдық» деген ән шығардым, – деп, соны билеп жүріп айтып берді.

Әуен таныс. Сосын, «Қанеке, мынау менің әнім ғой?!» десем, «қойсай, болды ән сенікі, сөзі менікі» деп осылайша Қанекең менің екі әнімнің сөзін жазған. Ол «Бытпылдық» деген ән. Онда Қанекең «Жатсаң шіркін тектен-тек, екі аяғың көктен кеп» деп жалқауларды сынаған. Соны менің әніме салып жүгіріп жүріп, билеп айтатын. Ол мекемелердегі жалқауларды, жатыпішер, анда-санда айлыққа келетіндерді астарлап жеткізген. Мен театрда «Күшік күйеу» атты спектакльді музыка жағынан көркемдедім. Бұл сонда туған ән болатын.

Бірде Марат Омаров келіп, «Түркістан» атты әнге сөз жазып беріңізші деді. «Менің қолым тимей жатыр, саған мықты бір ақынды жолықтырайын, жазып берсін» деп Қанекеңді жолықтырдым. Ол әнін, Қаныбек сөзін жазып, 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында шырқалды.

Ол анекдот шығарса маған хабарласатын: «Уақытың болса, қолың тисе тыңдашы, анекдот шығардым» деп. Сонымен бірге, ат қоюға шебер болды. Мені «сұлу» деп айтатын, соған мәз болып жүрем. Тәушен апамды «қыр мұрын», Әселханды «қыпша бел» дейтін. Бәрін керісінше айтып, мазақ қылатын. Ол мені неге «сұлу» деп айтады десем, «сұлу» емес «сұлы» деп жүр екен. Менің мұртымды көріп, «сұлы» дейтіні сол екен. Мен «сұлу» деді деп мәз болып жүрсем…

Екеуміз бірге Отырарда, Арыста, Түркістанда жалпы 4-5 рет айтыстық. Оның көп айтысқан серігі Әселхан еді. Ол жоқтан бар жасаған тәлімгер. Мәселен Бекарыс пен Жәкендерді бала кезінен тәрбиеледі. Дәл Қаныбектей ұстаз болмаса, олардан мықты айтыскер шыға ма шықпас па еді?».

Қаныбек ағамыз: «Бәріміз білетінді бәрімізден бұрын айтудың өзі – ақындық. Ақындықтың арғы атасы – батырлық» деп «Түркістаным – тағдырым» атты кітапта Нұрмахандай досына жазған пікірінде ерекше атап өткен. Бұдан шыққан қорытынды: қай адам болмасын өз ойын айта алады. Дегенмен, наразы тұсын жасырмай айтуға кез келгеннің батылы жетіспейтіні өтірік емес. Біз бұл тұста Қаныбек Сарыбаевты батырлық танытқан батыл азамат деп еш күмәнсіз айта аламыз. Себебі, оның жарыққа шыққан өлеңдері де, жақындарының айтқан сырлы естеліктері де оның намысы жоғары, мінезі тік, жаратылысы ерен екенін дәлелдейді.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН, «Түркістан».