«ТҰРАН» ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖОРЫҒЫН СӘТТІ БАСТАДЫ

Футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңі өтті. Түркістанның «Тұран» командасы «D» тобында «Хан Тәңірі» (Алматы қаласы), «Жетісай» және «Turkistan» командаларымен кездесті.

Александр Фамильцев шәкірттері бірінші турдағы дербиде «Turkistan» командасын 4:0 есебімен жеңді. Ал екінші кездесуде «Жетісайды» да 4:0 есебімен тізе бүктірді. Топтағы бірінші орынға талас үшін шешуші матч 27 наурызда өтті. Бұл сында «Тұран» футболшылары Алматының «Хан Тәңірі» клубын 4:3 есебімен жеңді. Аса тартысты матчта Балашов, Бөрібаев, Сатанов және Хаджиев бір-бір голдан салды.
Осылайша, өз тобында қарсылас шыдатпаған «Тұран» командасы Қазақстан кубогының келесі кезеңіне жолдама алды. Түркістандықтарға биыл бірінгші лигада бақ сынайды. Командаға ел кубогында сәтті ойнау және премьер-лигаға шығу міндеті жүктеліп отыр.