«ҚҰТ МЕКЕНГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒА»

 

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы. Тіліп түсер турашылдығымен ел есінде қалған қоғам қайраткерінің 90 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өту үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Соның бірі бүгін қасиетті Түлкібас жерінде өтті.

Шерхан Мұртаза атындағы WAQF қайырымдылық қорының және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Жабағылы елді мекенінің клубында өткен шараға ауданымызда көптеген игі істерге мұрындық болып жүрген жерлесіміз, саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығының президенті, қордың төрағасы Қайрат Айтбай, ауданымыздың бас ақыны Әбдібек Аралбайұлы, ауыл әкімі Ержан Меңлібеков, аудандық және ауылдық кітапханалардың меңгерушілері мен қызметкерлері, оқырмандар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуде кештің бас қонағы Қайрат Айтбаймен тағылымы мол сұхбат ұйымдастырылып, қонақтардың құрметіне облыстық филармония мен Сайрам ауданының өнерпаздарының ән шашуы ұсынылды.
Киелі құт мекеннен түлеп ұшқан тұлғалар жайында әңгіме өрбіп, кітап көрмесі өтті. Сондай-ақ, шара барысында қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі тұсау кесу рәсімі өтіп, кеш қонақтары Қайрат Айтбай мен Әбдібек Аралбайұлы жас нәрестенің тұсауын кесіп, ақ баталарын берді.

«Туған жерге туын тігу әр перзенттің парызы»-демекші, бүгінде Қайрат Орынбайұлы төрағалық ететін Шерхан Мұртаза атындағы WAQF қайырымдылық қорының мұрындық болуымен киелі жерлер қайта жаңғырып, ауданымызда ауқымды шаралар іске асып келеді.

Атап айтсақ, тарихы терең Шөлтөбе қорығының айналасы қоршалып, Ынтымақ ауылынан балаларға арналған кіші футбол алаңшасы мен стритворкаут, Шынар бастауының айналасы абаттандырылып, ол жерге ойын аланшалары соғылды. Мың түптен астам әр түрлі ағаштар отырғызылды. Аудан көлемінде 8 мектепті толық музыкалық аппаратурамен қамтып, 2 мектептің кітапханасын толық жабдықтап, 2 мектептің мәжіліс залын ағымдағы жөндеуден өтуіне демеушілік жасаған. Бұдан бөлек Түлкібас кентінен 600 орындық мешіт соғуға ықпал етіп, Қызыл ту ауылындағы мешітті күрделі жөндеуден өтуіне демеу берген. Бүгінде Таусағыз ауылынан екі жүз орындық мешіттің құрылысына қолдау көрсетуде.

Жиын соңында ауыл әкімі мен Жабағылы кітапханасының меңгерушісі ұлттық салт дәстүрімізге сай Қайрат Орынбайұлының иығына шапан жауып, тұлпарлар бейнеленген туынды мен кітап жиынтығын сыйға тартты.
Тиісінше Қайрат Орынбайұлы ауыл кітапханасына өзі жазған «Жұмаққа барар жол» мен «Түлкібастың Шынары» атты туындысын және еліміздің ақын-жазушыларының 50 астам шығармаларын тарту етті.

Ауданымыздың бас ақыны Әбдібек Аралбайұлы, Қайрат Орынбайұлына өлең шумақтарын арнап, ауыл тұрғындары тағылымы мол шарадан көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі