«ТӨЛЕБИ ТУЫНЫҢ» АРДАГЕРІ

«Төлеби туы», бұрынғы аудандық «Ильич жолы» газеті бір ғасырға жуық уақыттан бергі аудан тарихын, жерлестеріміздің ерен еңбектері мен ерліктерін халыққа паш етіп, кезінде өндіріс, өнеркəсіп, шаруашылық саласында жол берілген кемшіліктерге сын көзбен қарап, оңды қорытынды шығарылуына ықпал етіп, бір сөзбен айтқанда, бүкіл төлебиліктердің тынысын тасқа басып жазып келеді. Өткенді еске түсіруіміздің бір себебі бар. Сол ғасырға жуық уақыт ішінде «Төлеби туы» газетінде кімдер қызмет етпеді десеңізші?! Бұл киелі қарашаңырақ талай журналистердің, ақын-жазушылардың қаламын қатайтып, шеберлігін шыңдап шығарды. Ол енді бөлек əңгіме.
Менің айтпағым, «Төлеби туы» газеті редакциясында табан аудармай, 40 жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет еткен баспасөз саңлақтары санаулы ғана адам екен. Атап айтқанда, бүгінде арамызда жоқ ардагерлеріміз – Молдабек Дəулетбаевтың, Кəдірбек Баударбековтің, Құрмаш Байболованың жəне қазіргі уақытта бізбен жиі хабарласып тұратын Тамара Ивановна Грушконың көп жыл бойғы еңбектеріне ризалығымызды білдіріп, құрметті еңбек демалысына бүкіл ұжым болып шығарып салдық. Бас редакторымыз Əбдімəлік Түймебекұлы Рахманқұлов бас болып, ардагерлерімізге атаулы мерекелерде дастархан жайып, Жаңа жыл есік қаққанда шаңырақтарына арнайы барып, жылы лебізімізді білдіріп, сыйлық таратуды ұмытқан емеспіз.
«Төлеби туында» ұзақ жылдар бойы қажымай, талмай қызмет еткен тағы бір еңбек ардагеріміз бар. Ол – Қалима Қасымқызы Əбдірахманова. Мені «Төлеби туына» қызметке 1982 жылдың бас кезінде мəдениет жəне тұрмыс, еңбекші хаттары бөлімінің тілшісі етіп сол кездегі редакторымыз Əбдіраш Сағындықов қабылдаған болатын. Газет аптасына үш рет – қазақ жəне орыс тілдерінде жарық көрді. Газет қызметкерлерінен ана тілімізді жетік білу талап етілді. Сауаттылық, жауапкершілік, қазақ тілінде мəдениетті, сауатты сөйлеу адам баласына табиғаттан берілетіні, одан кейін мектеп қабырғасында қаланатыны белгілі.
Қазіргімен салыстырғанда жұмысымыз тым ауыр болатын. Баспаханада газеттің əр əрпі линотип машинасында теріліп, қорғасынға құйылатын. Газет беттелген соң қатесін түзеудің өзі машақаты көп тірлік болатын. Жауапкершіліктің ең ауыр жүгі корректор мен кезекші журналиске түсетін. Теріліп, беттелген материалдар ең алдымен корректорымыз Қалима Қасымқызы мен кезекші журналистің қолынан, сосын барып редактордың сүзгісінен өтетін. Шындығын айтайын, сол кездің өзінде-ақ кезекші журналистер Қалимаға нық сенім артатын.
Газеттің кезекті санына кезекші болғанымызда редактордан бастап бүкіл қызметкерлер жұмыс уақыты біткен соң үйлеріне қайтып кететін де, бар жауапкершілік кезекші журналист пен корректордың мойнына артылатын. Аудандық газетте Кеңестер Одағы телеграф агенттігінің (ТАСС) жедел пошта арқылы жеткізілген ресми материалдары сол кездегі бүкіл одаққа, республикаға тарайтын «Правда», «Социалистік Қазақстан» сияқты бас газеттер жарияланымдарымен қатар сол күні газет бетінен орын алып, оқырманға жеткізілетін. Редакциядағы осындай қарбаласта Қалима мен кезекші журналистің жұмысы түннің бір уағына, кейде таң атқанға дейін созылатын.
Газетті басуға қол қойылғаннан кейін баспахананың жүк көлігі қызметкерлерді үйді-үйіне жеткізетін. Кейде таңғы сағат алтыға дейін кезекшілікте болсақ та, таңертеңгі сағат тоғыздағы редактордың лездемесіне қатысып, күндегі тірлігіміз одан əрі жалғасып жататын.
Редактордың кабинетінде əр аптаның белгілі бір күні «летучка» өткізілетін. Аудандық газет журналистерінің бірі жарық көрген газет материалдарына шолу жасайды. Шолушының ең басты мақсаты – грамматикалық, орфографиялық жəне стилистикалық қателерді табумен қатар, жақсы немесе нашар жазылған мақалаларға өз бағасын беріп, сəтті жазылғандарының мақтауын келістіріп, көңілінен шықпағандарын қатаң сынға алатын. Кейде бұл шолудың соңы ақ тер, көк тер болып айқасқан өзара пікірталасқа ұласатын. Газет қызметкерлері редактордың кабинетінде бірін-бірі қаншалықты сын садағына алса да, летучкадан соң көңілдеріне құйттай да кек сақтамай, айтыс-тартыстың бəрін ұмытып, күнделікті қарбалас жұмысқа кірісіп кететін, əділ сыннан қорытынды шығаратын. Аптасына үш рет жарық көретін газет бетінен қате табу өте сирек кездесетін. Осының бəрі де корректорымыз Қалима Қасымқызының сауаттылығының, жұмысқа деген жауаптылығының арқасында екендігін мойындайтынбыз. Газет журналистерінің стилистикалық қателеріне дейін түзеп, сөз қайталаушылыққа мүлдем жол бермейтін. Қалиманың бойындағы осындай жақсы қасиеттеріне байланысты кезінде газетте жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметін атқарған марқұм Кəдірбек Баударбеков ағамыздың бірде əзіл-шыны аралас: «Біздің Қалимаға классик жазушылардың бірінің қолжазбасын оқытшы, быт-шытын шығарып шимайлап, қатесін түзеп берсін» деп те айтқаны бар. Бұл да Қалиманың өз жұмысына шын берілгендігін əділінен бағалағандық деп ойлаймын.
Қалима «Төлеби туына» жұмысқа қабылданғанға дейін аудандық мəдениет бөлімінде қызмет етті. Сол жылдары құрылған «Армандастар» халық ансамблінің белді мүшелерінің бірі болып, аудан өнерпаздарының даңқы бүкіл облысқа, қала берді республикаға кеңінен тарады.
Редакция ұжымы айтулы мерекелерде бас қосып, көңіл көтеруді ұмытпайтын. Осындай көңілді отырыстарда редактордың орынбасары, Ұлы Отан соғысының ардагері, Астраханьнан Ленгірге қоныс аударған, біздің газетте көп жылдар бойы тынбай тер төге қызмет атқарған, құрметті еңбек демалысына шыққан Шыбынтаев Ғарифолла ағамыз Қалимаға:
– Айналайын, бізге Біржан салдың «Лəйлім шырақ» əнін əуелетші, бұл əнді сен сияқты ешкім нəшіне келтіріп айта алмайды, – дейді.
– Ағай, мені сонша əнші деп пе едіңіз, сахнаға шықпағалы қай заман, – дейді Қалима.
Ғарекеңнің ұсынысын бəріміз қолдап, қолқалай бастаған соң ол сəл ойланып алады да, қарияның көңілін қалдырмау үшін, амалы жоқтықтан «Лəйлім шырақты» əуелетеді:
Есен-аман жүрмісің, Лəйлім шырақ,
Жаңа таптым ауылыңды көптен сұрап.
Жел тимесе жан тимес деп жүргенде,
Қол ұстасып жатпенен кеттің жырақ.
Аққу едің таранған айдындағы,
Ұштың ұзап қанатты жайдың-дағы.
Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,
Қол алысқан сертіңнен тайдың-дағы.
Осылай ма еді, ей, қалқа, айтқан сертің,
Жүрегімді жандырды ғашық дертің.
Мұнша неге сен мені əуреледің,
Болмаған соң əуелде баста еркің?!
Қалима «Лəйлім шырақты» осылайша шабыттана шырқағанда, Ғарифолла ағамыз өзі де қосылып айтқанын сезбей қалады. Ол ешқашан естен кетпейтін керемет күндер болатын.
Аудандық газеттің жауапты хатшысы марқұм Мəзірап Абылаев ағамыз кейде кабинетінде байыз тауып отыра алмай, сыртқа қайта-қайта шығып «Қазақстан» сигаретін түтіндетумен болады. Қалима Мəзіраптың бұл əдетін жақсы білсе де, əрі күтіп, бері күтіп шыдай алмаған соң, жанына барып:
– Мəзірап, осылай, қайта-қайта түтініңді бұрқыратып тұра бересің бе, оқыған материалдарыңды, газет макетін қашан бересің, баспахана күтіп қалды, – дейді.
– Қоя тұршы, сен де Əулиеге ұқсап жанымды алмай, қазір жалқаулығым ұстап тұрса, енді қайтейін? Мына желкеме сайтан мініп алып əлі түспей отыр, сол түссін, – дейді желкесін сипап қойып.
Ол өзінен жасы, қызметі кіші болса да Қалиманың еркінсіп айтқан ескертуін көңіліне алмайтын. Мəзірап ағамыздың «Əулие» деп айтып тұрғаны редакторымыз – Əбдіраш Сағындықов. Сырттай қараған адамға осының өзі қайталанбас, ғажайып бір көрініс еді.
О.СҮТТІБАЕВ.
… жалғасы бар.