Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады!
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты-бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп-үйрететін орта, оның жүрегі-мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы, оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау-әр мұғалімнің борышы! Ол өз кәсібін, өз пәнін барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі-педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Жаңа формация мұғалімі-табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру саласының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.
Жалпы адамзаттық құндылықтар жеке тұлғаның бойында өмірге келген сәтінен бастап бірге дамиды, жасы ұлғайған сайын қоршаған ортасына сәйкес бірге қалыптастады.
Тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған идеалдар құндылықтар деп қарастырылады. Оларға: шындық, қайырымдылық, тұлға, бостандық, махаббат, шығармашылық және т.б. жатады. Құндылықтар идеалдарды қабылдау немесе қабылдамау сезімі арқылы айқындалып, ақыл-ой, сана арқылы қабылданады, құрметтеу, қошаметтеу, қабылдау тәрізді ұмтылысты білдіреді. Бұл сезім мен ақыл-ойдың ұштасуын және сол арқылы адамның іс-әрекетін белгілейді. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, сана арқылы түсінуге болады. Соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді де, іс-әрекет етеді. Осы аталмыш құндылықтардың бастау көзі халықтың мол мұрасында. Ол мұра – халық пайда болғалы онымен бірге жасасып, бірге дамып келе жатқан құнды дүниелер.
Жалпы адамгершілік құндылықтардың мәні мен мазмұндары көне заманнан бүгінге дейін философия, әлеуметтану, мәдениеттану, этика, эстетика, психология, педагогика ғылымдарында кеңінен қарастырылып, қоғам ерекшеліктері мен сұраныстарына орай талданып, жүйеленіп келеді…
Құндылықтар туралы алғашқы түсінік ежелге грек ғалымы Сократтан бастау алады. Сократ үшін құндылық «адамның өмірді бағалауы» екен. Ал Аристотель «жақсылық», «игілік» ұғымдарын жағымды мінез-құлықты, рухани құндылықты бейнелеуде қолданды. Құбылысты, затты жағымды бағалау адам үшін құнды игілікті түсінуге негізделген. «Ізгілік» сөзі салыстырмалы мағынада белгілі бір жағдайдағы адам үшін жақсылық, пайдалы нәрсе деп түсіндіріледі. Рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін ғылым ретінде этиканы белгілеген. Аристотельдің пайымдауында «этиканың мақсаты – таным емес, ізгілікке үйрету. Этикалық зерттеулер рухани-адамгершілік дегеннің не екендігін білу үшін емес, осы рухани-адамгершілікке жетудің жолдарын үйрету үшін қажет, олай болмағанда бұл ғылымның пайдасы болмас еді» – дейді.
Философ Т.Қ. Ғабитов «құндылықтар – қасиеттер» дей отырып, бұл қасиеттердің бала кезден, ана сүтімен бірге өзінің ана тілі арқылы мораль негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін игеру нәтижесінде орнығатындығын ерекше бағалайды. Яғни, философиялық тұрғыдан алсақ, құндылықтар – адам үшін пайдалы мәнге ие болатындардың барлығы, адамзат қоғамының іргелі дамуы мен адамның жеке тұлғасын жетілдіруге тиімді ықпал ететіндерің барлығы құндылық болып табылады. Психологтар құндылықтарды тұлға аралық қатынас тұрғысынан қараудың өзіндік мәні бар екенін айтады. Құндылық ұғымында құндылық қатынастың обьектісі болып табылатын заттардың сыртқы қасиеттерінің сипаттамасы, осы қатынастың субьектісі болып табылатын адамның психологиялық сапалары, құндылықтың жалпы мәнділігін көрсететін адамдардың өзара қарым-қатынасы ұштасады.
Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі-рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған, әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық, әдістемелік, әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға деп өз сөзін бастаған кейіпкеріміз Раманкулова Марзия Парменкулқызы 1966 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ж.Қыдыров атындағы №54 жалпы білім беретін мектепті 1983 жылы бітіріп, дәл сол жылы Алматы Шетел тілдері институтына ағылшын тілі пәні бойынша оқуға түседі, оқуын сәтті аяқтап, мектеп қабырғасында 1988 жылдан бастап Тұрсынхан Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектепте мұғалімдік қызметін атқарады. Жұмыс істеп жүргеніне 35 жыл болған.
Ағылшын тіліне деген қызығушылығы мектепте оқып жүрген кезінен бастау алған. Ниетәлі Қуатбеков деген ұстаздан сабақ алған. Ол ағайдың шеберлігі, өжеттілігі керемет әсер қалдырған. Балалармен жее-жеке жұмыс жасауы, сабаққа барлық оқушыны бірден баули алуы кейіпкеріміздің қызығушылығының артуына септігін тигізген. Ауылдық жерде тұрған соң, шет тілін білсем, жаңаша бағытта дамысам деп, ағылшын тілін меңгеруге кірісіп кеткен. Сол кездерде «Лениншіл жас»деген газет ағылшын тілінде жаңалықтар таратып отырған, сосын оның ішінде тіл үйретуге арналған күрделі тапсырмалар болған екен. Марзия Парменкулқызы түрлі тапсырмаларды орындап, түсінбей қалған жерлері болса, ағайынан көмек сұрап, жаттығулардың жауаптарын жазып, газеттің редакциясына жіберіп тұратын болған. Оны көрген, бағалаған басшылар 1983 жылы Алматы қаласы Шетел тілдері институтына оқуға шақырады, емтиханнан сәтті өткен талапкер, студенттік өмірге қадам басады. Университетте білімділігі мен алғырлығының арқасында бірден көзге түседі. Екі шет тілін (ағылшын және неміс тілдері) жоғары деңгейде меңгеріп шығады. Қазіргі таңда көпке үлгі тұтарлықтай мұғалім, жоғары сынып оқушыларын ҰБТ- ға дайындап келе жатыр. Әр жыл сайын шәкірттерінің 70-80% грант иегері атанады. Осы аралықта ҰБТ туралы көптеген мәліметтерге ие болып, өз әдіс-тәсілдері мен тәжірибелерінің арқасында жүйелі нәтижелерге қол жеткізуде.
Сұхбат барысында кейіпкер қазіргі жастардың ағылшын тілін қандай мақсатта меңгеріп жатқанын, қалай білім адатынын, сонымен бірге болашақта жас ұрпаққа қалай білім беретінін айтып өтті.
Марзия Раманкулованың айтуынша, бүгінгі жастар ағылшын тілін оқығанымен, ол саланың қыр-сырларын жетік меңгермейді, қандай мамандықта оқып жатырсың десе, ағылшын тілі мұғалімі дейді. Қарап тұрсақ саны көп сапасы жоқ сияқты, сұранысқа ие мамандық, халықаралық тіл деп оқуға түсіп жатқандары да бар. Тағы бір айта кететін жайт, ағылшын тілін оқып, шетелге кетіп қалатындардың қатары қалыңдап барады. Әсіресе ауылдық жерлерден шыққан балалардың көп бөлігі бізде мүмкіндік аз, Америкаға барайық, әлем аралайық, Дубайға саяхат жасайық деген оймен ғана өмір сүреді. Тіл деңгейімізді көтерейік, жалақысы көп жерде жұмыс істейік сынды пікірлердің де қалыптасып жатқаны рас! Елімізде сол себепті білікті мамандар жетіспейді. Негізінде мемлекетіміз барлық мүмкіндік есіктерін айқара ашып, қолдап отыр. Қазір технологияның дамыған заманы, ауыл мен қала арасында айтарлықтай айырмашылық та жоқ. Интернетпен қамтылмаған жерлер де азайып келеді. Енді жастарымыз тұла бойына патриоттық сезімді сіңіріп, тек теория жүзінде білім алып қана қоймай, оны практикалық тұрғадан да жүзеге асырып көруі тиіс.
Тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды, мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. Бала туылғаннан бастап бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі кезеңдерінен өтіп «Өмір» атты ұлы жолға аяқ басады. Осы адамзат баласының тәрбиеленуімен тікелей айналысатын ғылым түрі – «Педагогика» болып саналады.
Ең алдымен ғылым атауы ретінде «Педагогика» термині мәнін ашып алайық. Педагогика – «пайдагогос» (грек тілінде «пайд» — бала немесе тәрбие, «гогос» — жетектеу деген сөздерден құралған) – бала жетектеу немесе бала тәрбиелеу деген мағынаны береді. Бұл ұғымның шығу себебі ежелгі грек елінде баланың тамағын тойғызып, ойнатып, бос уақытында айналаны танып білу сияқты жұмыстармен айналыстырып, қолынан жетектеп жүріп өмір сүру іс-әрекеттеріне жалданған құлды «Педагог» деп атаған екен. Бертін келе педагог деп балаларды оқыту мен тәрбиелеу ісімен тікелей айналысатын адамдарды атапты. Бірте-бірте бала тәрбиесіне қатысты білімдердің жинақталуы ерекше сала ретінде жалпы педагогика ғылымының пайда болуына алып келген. Жалпы педагогика – тәрбие, оқыту және дамыту үдерістерінің негізгі заңдылықтарын зерттейді. Сонымен қатар жалпы педагогиканың негізгі категориялары бала тәрбиелеуде үлкен көмегін тигізеді. Олар: білім беру, тәрбиелеу, оқыту. Білім беру – бұл оқыту нәтижесі, баланың меңгерген білімдер, іскерліктер, дағдылар және ойлау әдістер жүйесі болып табылады. Ал оқыту дегеніміз – тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арнайы ұйымдастырылған, мақсатты және басқарылатын өзара әрекет ету процесі. Тәрбие – бұл жеке адамның қоғамдық тәжірибені игеру үшін бағытталған өзара әрекет ету процесі.
Педагогика ғылымы бізге қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен рөлін анықтауға көмектеседі. Бала тәрбиелеу ең күрделі процесс. Сонымен қатар «Балаға жақсы тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек!» — деп Антон Макаренко айтпақшы жақсы шәкірт тәрбиелегіміз келсе, алдымен тәрбиенің көзін өзімізден бастауымыз қажет. Біз тәрбиеші – педагог ретінде балаға қуаныш сыйлай отырып, оқыта тәрбиелеуге міндеттіміз!
Жоғары оқу орындарын тәмәмдаған түлектеріміз шет етелге шығып, ол жақтағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз еліне қайта оралы, мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, болашағымыздың баянды болуы үшін қол ұшын созып, көмектесуі қажет. Міне, сол кезде алға қарай жылжи аламыз, дамыған 30 мемлекеттің қатарына тезірек ілесіп кетеміз деп, кейіпкеріміз өз ойын түйіндеді!