СОЗАҚТАҒЫ ҚЫЗЫЛКӨЛ…
Біреу білер, біреу білмес, Оңтүстікте емдік шипасы мол Қызылкөл деген көл бар. Созақ ауданындағы Құмкент ауылынан батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Бүгінгі демалыста жолға шықтық. Түс әлетінде жетіп, кеш батқанша Қызылкөлдің қызығын тамашаладық.
Қызылкөлдің емдік қасиетін Израильдегі өлі көлмен салыстыратындар да аз емес. Ілгеріде бұл көлдің даңқы елімізден асып, шетелдіктерді де таңырқатқан деседі. Бірі Чехиядағы атақты Карловы Варына (тұзбен емдейтін шипажай), енді бірі екінші Қара теңізге теңейтін көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда бұрын сырқатына ем іздегендер мен демалушылардың көптігінен бос орындар болмайды екен. Суы қалыпты жылдары айдында аққу қонып, қаз ұшып жататын еді дейді білетіндер. Осы қасиетті көл 2000 жылдардан бері белгісіз себептермен жиі тартылып қалған, бірақ биылғы жауын-шашынның жиі болуынан көлдің 70-80 пайызы суға толған. Теңіз деңгейінен 335 м биіктегі тұзды көл 2002 жылдан бері ерекше қорғалатын аймақ тізіміне енгізілген. Ауданы 16,2 км², ұзындығы 6,1 км, ені 2,8 км, тереңдігі 10 м.
Көл суретте көріп тұрғандарыңыздай көркі алыстан көз тартады. Кереметі – керемет! Салқын суға бір түссең лезде сергітіп тастайды.
Кеңес кезінде Қара теңізден мамандар келіп, көл суының емдік қасиетін жоғары бағалапты. Ауасы, суы мен қара балшығы тек тері аурулары емес, таныс алу жолдары, белсіздік, гинекология, сүйектің қақсауы сынды (емделу 7-10 күн) көптеген сырқаттарға бірден-бір ем екен. Тіпті Астанадағы бірқатар белгілі шенеуніктер де осында келіп дертінен айығып кеткен дейді тұрғындар. Ондағы лайды Жаңақорған мен Манкенттегі шипажайларға алып кетіп жатқандар да бар.
Көл маңайын күзетуші Ғ. Ескендірдің айтуынша, биылғы жазда демалушылардың қатары артқан. «Таудағы бұлақтардан тұщы су келгенімен, көл астында тұз бар. Сондықтан, тұзды суға айналады. Емдік қасиеті сонда. Палатка тігіп, таңнан кешке дейін жатып емделетіндер көп. Ем қабылдаушылар батпақпен сыланып, күнге қыздырынып жатады», дейді ол.
Биыл жергілікті билік көлге барар жолды ретке келтіріп, бульдезермен ашып жөндеп қойыпты. Демалыс күндері Шолаққорған, Құмкент ауылдары мен Қызылкөл елдімекеніндегі мекеме қызметкерлері көл бойын тазалап, сенбілік өткізеді екен.
P.S.
● Қызылкөл ашаршылық кезінде, 1937 жылдары тартылып, астынан тұз шыққан. Сонда бұлақ басына үйректер топтанып қонып, қанатын тұзға батырып ұша алмай қалатын көрінеді. Сол үйректерді маңайдағы ауыл тұрғындары ұстап қорек еткен деседі.
● Көлдің атауына келсек, мұнда ертеректе бір байдың Қызылгүл деген қызы бұлақтың бастауынан су алған. Аңыз бойынша, қызды су перісі алып кеткен дейді. Кейіннен көл Қызылкөл деп аталған.
● International Bioexploration Socieaty сайтының мәлімдеуінше, осыдан екі жыл бұрын Қызылкөл халықаралық туристік маршруттың қатарына енген.
Табиғаттың саф дүниесін көргіңіз келсе, Қызылкөлге барыңыз! Сергіп қайтасыз!
С. Тастанбек