ШЫМКЕНТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНДА ҰСТАУ ШАРТТАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі – шенеуніктердің бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қылмыс жасаған адамдардың ұстау шарттарымен таныстыру.

Осы мақсатта бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қылмыстық-атқару жүйесінің қалалық департаментімен бірлесе білім басқармасы мен «Shymkent» ӘКК қызметкерлерін ИЧ-167/11 мекемесінде қамауда отырғандарды ұстау шарттарымен таныстырды.

Іс-шараға қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаев 2020 жылы бастау алған акцияның кезекті таныстырылымын жоғарыда көрсетілген мекеме қызметкерлеріне ұйымдастыруға соңғы жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау нәтижелерінде анықталған кемшіліктер себеп болғандығын жеткізді.
Ұйымдастырушылар бүгінгі акция әркім өзінің қолындағы бар нәрсені бағалай білуіне, адал қызмет етіп, жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізетіндігіне сенім білдіреді.
Акция барысында қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері тергеу мекемесінің режимімен таныстырып, өз кезегінде қатысушылар іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
Айта кетейік, іс-шара аясында тергеу изоляторында ұстау шарттарымен 100-ге жуық қызметкерлері таныстырылды.