ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ СТЕНД АТУДАН ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН ИЕЛЕНДІ

Халықаралық спорттық ату федерациясы (ISSF) Еуропа чемпионатынан кейін рейтинг бойынша стенд атудан бірқатар қосымша лицензиялар бөлді.
Бүгінгі таңда қазақстандық атқыштарда 3 олимпиадалық жолдама бар. Аталған лицензия шымкенттік спортшы, стенд ату бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зоя Кравченкоға берілді.
Жыл басынан бері қазақстандық атқыштар Әлем кубогы мен Азия чемпионаты кезеңдерінде халықаралық аренада ең жоғары нәтижелерді көрсетіп, 10 медаль, оның ішінде 2 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.
Қосымша олимпиадалық лицензиялар 2021 жылдың 7 маусымына дейін бөлінеді. Барлық лицензияларды бөлгеннен кейін, спорттық ату түрлерінен Қазақстан Федерациясы (САҚФ) XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың құрамын жариялайды.
Айта кетейік, XXXII жазғы Олимпиада ойындары биылғы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токио қаласында (Жапония) өтеді.