ШЫМКЕНТТІК АЗАМАТ РЕКОРД ЖАҢАРТТЫ

Шымкентте «Tartyl Fest» турникте тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі өтті. «Дара» дарындыларды қолдау қоры, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға қала жастары белсене қатысты. Белтемірге тартылу сайысында ең көп қатысушылар тіркеліп, сонымен қатар, рекордтық нәтиже жаңарды.

«Мұз сарайы» спорт кешенінде өткен турникке тартылу бәсекесі таңнан кешке дейін жалғасты. Көше спортының мықтылары, сонымен қатар, белгілі балуандар мен боксшылар да бақ сынап, сайыс көрігін қыздырды. 60 жастан асқан ардагер мен бойжеткендер, 6 жасар жеткіншек те жүлделі орындарға таласты.
Жарыстың ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Дара» дарындыларды қолдау қорының басшысы
Нұрлан Қоянбаев, жоба амбассадоры, жаттықтырушы әрі актер Айтым Жақыпов қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Шымкент – дарынды жастардың, спортшылардың қаласы. Мұнда салауатты өмір салтын ұстанатындар көп. Жалпы қалада көше спортын дамытуға күш салынып жатыр. Street workout – ең қолжетімді бұқаралық спорт түрі. Алда көптеген іс-шаралар өтеді. Бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сонымен, спорт фестиваліне 2000-нан астам адам қатысуға өтінім берген. Оның ішінде 700-ден астамы өз өнерін көрсетті. Мықтылардың сайысында шымкенттік Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекорд жаңартты. Бұған дейін турникке тартылу бойынша Алматы қаласында рекордтық нәтиже (40) тіркелген еді. Шымкенттік жастар бұл үздік көрсеткіштен де асып түсті.
Айта кетейік, «Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласынан басталған болатын. Сондай-ақ, Талдықорған, Алматы, Тараз, қалаларында жалғасын тапты. 10 шілде-6 қыркүйек аралығында өтетін іс-шара еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып, әр қаладан 27 жеңімпаз анықталады. Олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысады деп күтілуде. Ал, гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.
Жобаның мақсаты – дарынды тұлғаларды табу және дамуына қолдау көрсету, саналы, сапалы қоғам қалыптастыру, ел азаматтарының рухани құндылықтарын дамытуға атсалысу.

 

Т.Қасым