ШЫМКЕНТТЕ «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 2500-ДЕН АСТАМ АЗАМАТТЫ ОҚЫТУ ЖОСПАРЛАНЫП

Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І- бағыты шеңберінде 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына 2500-ден астам азаматты оқыту жоспарланып, кәсіптік оқытудың І- ағымы 21 маусымда басталды.

Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерман Бекмұратов қала әкімдігінің «Instagram» және Facebook парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді. Е.Бекмұратов атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тұрғындар сауалына жауап берді.

Биыл жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясының шешімімен 600 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 8 мамандық бойынша 11 білім беру ұйымдарында және 1 900 адам 24 мамандық бойынша 18 білім беру ұйымдарында, еңбек нарығының сұранысына сәйкес 30-дан астам қажетті мамандықтар бойынша 3 ай мерзімге оқытылатындығы бекітілді.

Қатысушыларға ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Дәріс беру аптасына 6 күн, 6 сағаттан жүргізіледі. Оқу аяқталған соң арнайы сертификат беріледі. Сонымен қатар, оқуын аяқтаған азаматтарды еңбек нарығының сұранысымен жұмыс берушілердегі пайда болған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуына ықпал етілетін болады.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы тікелей эфир барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, соңынан тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Ерман Бекмұратовтың айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала аумағында орналасқан индустриалды аймақтардағы кәсіпорындармен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында меморандумға отырып, келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне «Жастар практикасы» бағдарламасының тиімділігі жайында түсіндіру жұмыстары да жүріп жатыр.