ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАЛУДА

Шымкент қаласындағы клиникалық балалар ауруханасы 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмектің барлық түрлерін көрсетуге арналған көп салалы аурухана. Балалар ауруханасы 315 төсек-орынға лайықталған. Мұнда 20 профилді бөлімше болса, оның 8-і хирругиялық бағытта қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аурухана құрамында күндізгі стационар, сәулелі диагностикалық орталық пен жарақат бекеті бар. Мемлекет басшысы биылғы жылы балалар жылы деп жариялады. Осы бастаманы қолдай отырып, қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар денсаулығын жақсарту үшін оң өзгерістер орын алуда.

Аурухана ішінде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылды. Атап айтқанда — нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылды. Неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туылған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылған.

Сонымен қатар, Шымкентте «Арнольдо Киари» синдромына шалдыққан науқасқа алғаш рет ота жасалды. Сирек кездесетін мұндай дерт түрінің жалғыз емі-операция ғана. Дәрігерлер күрделі отаны 15 жастағы ұл балаға жасады.  Мамандар науқасқа диагностикалық тексеру жүргізіп, диагнозын дер кезінде нақтылай білген. Нәтижесінде науқастың ақыл есінің жұмыс істеу қабілетін жақсартып берді. Бұған дейін науқастар Нұр-Сұлтан қаласындағы емдеу орталығына жіберіле­тін. Енді балалардың мұндай күрделі операциясын қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері жасайды.

–Операция барысында науқастың басының арт жағынан шүйде аймағының шөуде сүйегі дөңгелетіп кесіп алынды. Бірінші мойын омыртқасы алынады. Мидың өзінің қатты қабаты бар. Біздің мақсатымыз мишықты бос жатқызу. Мишықты босату арқылы синдромды емдейміз. Арнольдо Киари синдромның асқынуы науқасты шизофренияға, тіптен мүгедікттікке әкелуі мүмкін. Дерттің жалғыз емі, уақтылы жасалған операция ғана екені бүгінге дейін ғылыми түрде дәлелденген, -дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-нейрохирургы Самат Көкшібаев.

Күрделі отадан кейін науқастың жағдайы жақсы. Дәрігерлер бүгін жасөспірімді жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырды.