Шымкентте «Айтыстың Ақберені” атты сыр-сұхбат кеші өтті

Шымкент қаласында Тәушен Әбуованың туғанына 90-жыл толуына орай ақынның артында қалған ұрпақтарымен, ізбасарларымен және көзін көрген замандастарымен «Айтыстың Ақберені” атты сыр-сұхбат кеші өтті, деп хабарлайды oninfo.kz ақпараттық агенттігі.

Сыр-сұхбат кешіне ақын апамыздың ұл-қыздары, айтыстағы жолын жалғаушы айтыскерлер қауымы, замандастары, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмахан, Отырар аудандық «Әдебиет және Өнер» бірлестігінің төрағасы, жазушы Сағындық Қыдыр, әнді жанына серік еткен Нышан Төлегенов келіп, арнайы қатысты. Кездесу барысында жас айтыскерлер арасындағы «Күміс домбыра» иегері Даниал Болысбек пен облыстық оқушылар айтысының жеңімпазы Сұлтан Сәуірхан сахна төрінде айтыс жасап, көпшілік көрерменнің көңілінен шықты.

Айтыскер ақындардан ҚР Мәдениет саласының үздігі Карима Оралова, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жазушылар одағының мүшесі Бөрібай Оразымбет, Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жақыпов, Нұрғали Әнәпия кештің қадірлі қонағы болды. Айта кетейік, жақында «Балдәурен» демалыс аймағында жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы өтті. Аталған дода Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Өнер сайысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған көрермендер тамашалады. Өнер сайысы биыл екінші рет Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен өтті.

Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын мен 16 айтыскер қатысты. Алдымен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен талантты жастардың өнер күнгей өңіріне ғана емес, елімізге танымал ақын Бекарыс Шойбеков бастаған әділқазылар алқасы бағалады. Әділқазылар құрамында белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, Шымкенттегі өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова бар. Сонымен, сайыс нәтижесі бойынша түркістандық Даниял Болысбек бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға күміспен апталған домбыра табыс етілді. Бірінші орынды Алматы қаласынан келген Айым Асылбекқызы алды. Екі екінші орынды Қызылордадан келген Нұрахмет Мансұров және Түркістан облысының саңлағы Аян Ниязбек ұтып алса, екі үшінші орынды шымкенттік жас ақындар Нұрғали Әнапия мен Жандос Мырзабеков қанжығаға байлады.