ШЫМКЕНТКЕ ПАВЛОДАРЛЫҚ ЦИРК ӨНЕРПАЗДАРЫ КЕЛДІ

Павлодардан келген Рингостар цирк өнерпаздары көрерменге қуаныш сыйлады.
Павлодарда құрылған Шапито Рингостар циркінің меңгерушісі Ринат Фахрнуров Шымкенттен бастау алған бұл бағдарлама әрі қарай кіші аудандар мен оңтүстіктің барлық қалаларын аралайтынын айтты.
Өнерпаздар Шымкентке қалалық Татар-башқұрт этномәдени орталығының шақыртуымен келіпті. Бағдарламаның ашылуына орай, ұйымдастырушылар қайырымдылық акциясын жасауды да ұмытпады.
Сайрам балалар үйінің тәрбиеленушілері 6506 әскери бөлімше командирі ұйымдастырған арнайы көлікпен келіп, бағдарламаны тамашалап мәз-мейрам болды.
Цирк бағдарламасы Ніл аллигаторлары, амазониялық анакондалар, кірпі, жанат, үйретілген ит-мысықтардың қойылымдары мен экстремальді шоумен айшықталды. Кішкентай көрермендерге түрлі сыйлықтар үлестірілді.
Айта кетейік, өнер ұжымы «Фосфоршылар» мәдени орталығының жанында 11 наурыз — 2 сәуір аралығында өз көрермендерін күтеді.