ШЫМКЕНТ: ӨКПЕ ТУБЕРКУЛЕЗІ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 18 ЖАҒДАЙҒА ТӨМЕНДЕГЕН

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы туберкулез аурушаңдығының эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың 9 жағдайға артуы байқалды.

Сонымен қатар, ағымды жылдың 2 айында жалпы туберкулездің 40 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық 26 (40%) жағдайға, оның ішінде өкпе туберкулезі өткен жылдың өткен мерзімімен салыстырғанда 18 жағдайға төмендеген. Аурушаңдық 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында тіркелмеді.
Алдын алу және диагностикалық мақсаттарда ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялық зерттеулер мен Манту сынамасы жүргізіледі. Науқасты кеш анықтаған кезде туберкулездің бациллярлы немесе асқынған түрі қоғам үшін өте қауіпті болуы мүмкін.
Уақтылы емделмеген жағдайда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастар жылына 10-нан 15 адамға дейін ауруды жұқтыруы мүмкін. Науқастардың 54%-ын еңбекке қабілетті 18-44 жас аралығындағы адамдар құрайды. Туберкулез таяқшасы қоршаған ортада, әсіресе қақырық пен топырақта едәуір ұзақ уақыт сақталады.