ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдау өткізді, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қабылдауға 100-ден аса азамат жазылып, өтініштерін білдірді. Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және жер, ауызсу, ауыл шаруашылығы, қоғамдық көлік, жол құрылысы, білім саласы, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі талап-тілектерін жеткізді.

«Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалы ғимаратында  өткен біріңғай қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары және қаланың бас прокуроры Ғабит Мұқанов, Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков және «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады.

Тұрғындардың басым бөлігі жеке мәселесімен келген. 17 азамат баспанамен қамтуды, 15 тұрғын жер телімін үлестіру мен жерді заңдастыру, 10 тұрғын әлеуметтік көмек көрсетуді сұрап келген. Одан бөлек, қоғамдық мәселені арқалап келген 15 азамат жол құрылысының сапасы, мектеп пен емхана құрылысы, бағдаршам орнату, алея салу секілді ұсынысын жеткізді.

«Сіздердің өтініштеріңіз нараздан тыс қалмайды. Барлық мәселе менің бақылауымда болады. Тұрғын үй бойынша үй заң аясында үлестірілетін болады. Қаламызда өткен жылы 1 млг шаршы метр пәтер салынып, тұрғындарға берілді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Мектеп пен емхана, аурухана салу назардан тыс қалған емес. Қала халқының саны артып келеді. Сол себепті мектеп, емхана жетіспеушілі болып жатыр. Бірақ барлық бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда», — деді қала әкімі.

Сонымен қатар, тұрғындар жұмысқа орналасу, кәсіп бастауға қолдау көрсету, мал шаруашылығы үшін субсидия, жерді мемлекет иелігіне қайтару, тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерін де жеткізді.

Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап,  жер учаскелерін заңдастыру бойынша туындаған барлық мәселелер заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті.