ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде бүгін қаладағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуы жөнінде брифинг өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Кенжеханұлы Тулебаев, «Отбасы Банк» АҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Еркін Бахытбекұлы Ахыншаев және БАҚ өкілдері қатысты. Брифинг барысында қалада мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижелері мен болашақ жоспарлар баяндалды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 52 519 азамат тіркелген. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағынан осал топтар, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері, сондай-ақ апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлері бар азаматтар бар. Осы категориялардың өкілдеріне баспана беру шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
2024 жылы жыл соңына дейін 1 000 азаматқа арендалық пәтер беру жоспарланған, оның ішінде жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 200 пәтер, көпбалалы отбасыларға 351 пәтер, әлеуметтік осал топтарға 449 пәтер беріледі. Бүгінгі таңда 597 пәтер өз иелеріне табысталды, оның ішінде 136 пәтер жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 288 пәтер көпбалалы отбасыларға, 173 пәтер әлеуметтік топтарға берілді.