ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ 2024 ЖЫЛҒЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР

Шымкент қаласының мәдени өмірінде айтарлықтай серпіліс байқалуда. Қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени қызмет көрсететін 22 ұйым белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатарында 7 театр, 6 кітапхана, концерттік ұйымдар, цирк, музейлер бірлестігі, салт-дәстүр орталығы, тіл орталығы, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы және зоологиялық саябақ бар. Бұл мекемелерде 2411 қызметкер еңбек етуде.

2024 жылдың есепті кезеңінде 5950 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, 3,2 миллионнан астам адам қамтылды. Жоспарланған 21 индикаторлық көрсеткіш 100%-ға орындалды. Мәдениет саласына бөлінген 13,08 миллиард теңге толық игерілді.
Жыл басында 1 мәдениет үйінің құрылысы жоспарланғанымен, есепті кезеңде 4 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Абай ауданының Көкбұлақ, Қаратау ауданының Қайнарбұлақ, Еңбекші ауданының Базарқақпа, Өтеміс тұрғын алабындағы клубтар толыққанды мәдени орталықтарға айналды. Сонымен қатар, 24 мәдениет нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Шымкенттегі 6 кітапхана (37 филиал) 294 757 оқырманға қызмет көрсетіп, 1699 іс-шара өткізді. Жалпы кітап қоры 1,87 миллион данаға жетті, оның 626 мыңға жуығы қазақ тіліндегі кітаптар. Жаңа кітаптар сатып алуға 35,9 миллион теңге бөлініп, 9,5 мыңнан астам кітап қоры жаңартылды.

Қаладағы 7 театрда жыл басынан бері 33 жаңа спектакль сахналанып, 1275 қойылым көрерменге ұсынылды. Жалпы, театр қойылымдарын 257 870 көрермен тамашалады.
Шымкент зообағына келушілер саны жылдық жоспардан асып, 536 577 адамға жетті. Қазіргі таңда саябақта 305 түрлі 3102 жануар бар.
Есепті кезеңде циркте 4 премьералық қойылым сахналанып, жалпы саны 88 шоу өткізілді. Оларды 60 797 көрермен тамашалады.
Түркістан сарайы, Тулип холл концерттік залдары мен басқа да мәдениет ошақтарында 502 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 192 800 адам қатысты. Сонымен қатар, жазғы маусымда «Шымқала кештері» жобасы аясында қала саябақтарында концерттік бағдарламалар тұрақты түрде өткізілді.

Қаладағы 5 музейді біріктіретін «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» 2024 жылы 61 көрме, 4470 экскурсия ұйымдастырып, 56 320 келушіні қабылдады. Жалпы музей қоры 31 580 экспонатқа жетті. Сонымен қатар, археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған 883 жаңа экспонат музей қорына өткізілді.
Қазақ халқының рухани мұрасын насихаттау мақсатында 24 іс-шара, 266 экскурсия ұйымдастырылып, 14 490 адам қамтылды.
Шымкент қалалық мемлекеттік архиві есепті кезеңде 6177 сақтау бірлігін қабылдап, 604 502 парақ цифрлық форматқа көшірілді.
Осылайша, Шымкент қаласында мәдениет саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғындардың мәдени өмірін жақсартуға бағытталған жобалар толық жүзеге асырылуда.