«Сегіз қырлы бір сырлы қыр гүліндей Қаламқас» атты кездесу кеші болып өтті

Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бір қала – бір кітап» акциясы аясында Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағы мен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Мерейлі отбасы» ұлттық бірінші байқауының жеңімпазы Елтай Бимаханбетұлының 90 жасқа толуына орай «Кемеліне келген қария, ақыл-ойы дария» және ұстаз, әнші, сазгер, өнер майталманы Қаламқас Өтеуованың «Сегіз қырлы бір сырлы қыр гүліндей Қаламқас» атты кездесу кеші болып өтті.

Кештің мақсаты оқырмандарымызды жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармашылығымен таныстырып,  жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік, елжандылық қасиеттерге баулу. Кешке Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Таңғатаров Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары Ибадуллаева Рая Серікбайқызы, Жүсіпбаев Нұрсұлтан Үмбетұлы, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әбжаппар Сәкенұлы қатысты. Кеш барысында Таңғатаров Мақсат Асылбекұлы Елтай Бимаханбетұлын 90 жас мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.

Кешіміздің екінші аялдамасы сегіз қырлы, бір сырлы өнер майталманы Қаламқас Өтеуовамен сыр-сұхбатқа ұласып, Елтай Бимаханбетұлының сөзіне жазылған өзінің бірнеше әндерін орындап, кеш барысында оқырмандардың  сұрақтарына тұшымды  жауаптарын берді.Кеш барысында оқырмандар жырдан шашу шашса, қалалық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-, күй сыйлады.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлзада Малдыбекова кездесу кешін қорытындылай келе,  ақын-жазушыларымызға шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында батагөй ақын Елтай Бимаханбетұлы жастарға ақ батасын берді.

Сонымен қатар, балалар кітапханасы «Тәуекел» шығармасы бойынша оқырмандар арасында ойталқы, №1 кітапхана-филиалы «Ғажайып қаламгер» атты кездесу кеші, №5,8 кітапхана-филиалдары «Қарымы кең қаламгер» сыр-сұхбат, №6 кітапхана-филиалы «Түркістанның  тіл  жанашыры» атты  өмірі мен  шығармашылығын  насихаттау   кеші, №4 кітапхана-филиалы «Өнегелі өмір жолын өрнектеп, абыз атанған…» атты кездесу кешін ұйымдастырды.