САУРАНДА ҚОҒАМДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданы әкімдігінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның қоғамдық-саяси ахуалы, әлеуметтік саладағы көрсеткіштер, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістер және орындаушылық тәртіп мәселелері жан-жақты қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала жетекшілері қатысты.

Аппараттық мәжілістің негізгі мақсаты – ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және халықтың әл-ауқатына әсер ететін маңызды бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралау болды.

Қоғамдық-саяси тұрақтылық – басты назарда

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалеке Марат аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың қазіргі жай-күйі туралы баяндама жасады.

Баяндамашы қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту және қоғамдық пікірге тұрақты мониторинг жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, жастар арасында құқықтық және саяси мәдениетті қалыптастыру бағытындағы іс-шаралардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл жұмыстар қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігі сараланды

Келесі мәселе бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі D және E санатындағы отбасылардың санын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жиында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту, жұмыспен қамту бағдарламаларына тарту, атаулы әлеуметтік көмек пен басқа да мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Аудан әкімі әлеуметтік осал топтағы азаматтардың мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, әрбір отбасының жағдайы жеке зерделенуі қажет екенін атап өтті.

Мемлекеттік қызмет туралы заңдағы өзгерістер түсіндірілді

Мәжілісте «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгерістерге де кеңінен тоқталды.

Персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Әшіров Нұрбек мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа талаптар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, еңбек тәртібі және қызметтік әдеп нормаларына қатысты енгізілген өзгерістер жөнінде баяндама жасады.

Жиын барысында мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Орындаушылық тәртіп күшейтіледі

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе ретінде аудан аумағында анықталған кемшіліктер мен орындаушылық тәртіптің сақталуы қаралды.

Жауапты бөлімдердің берген тапсырмаларды уақытылы орындауы, құжат айналымының сапасы, бақылаудағы тапсырмалардың орындалу деңгейі сараланып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты міндеттер белгіленді.

Аудан әкімі барлық бөлім басшыларына тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертіп, әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндетке жоғары жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін айтты.

Нақты міндеттер жүктелді

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту, дін саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен түсіндіру, әлеуметтік көрсеткіштерді жақсарту және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру аудан әкімдігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен қатар жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне халықпен кері байланысты күшейту, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету және орындаушылық тәртіпті қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жиын қорытындысында көтерілген барлық мәселелер тұрақты бақылауға алынып, белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы қамтамасыз етілетіні айтылды.