Сауранда Мәжіліс депутаты қоғамдық қабылдау өткізіп, өзекті мәселелерді тыңдады
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Рахымұлы Балабиев Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар аясында депутат Ескі Иқан ауылдық округінде «AMANAT» партиясы жанындағы бастапқы партия ұйымының қоғамдық қабылдауын өткізді. Бұл шара – халықпен кері байланыс орнату, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді назарға алу және оларды заң шеңберінде шешу мақсатында ұйымдастырылды.
Қоғамдық қабылдауға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев және «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков те қатысты. Бұл – бір жағынан түрлі деңгейдегі билік өкілдері мен халық арасында тікелей диалог орнаған маңызды алаң болды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мен қолдаулар, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жастардың әлеуетін арттыру секілді нақты салалар бойынша ұсыныстар мен өтініштер айтылды. Кейбір азаматтар ауылдағы жолдардың жағдайын, ауызсу жүйесінің тұрақты жұмысын, медицина мен білім салаларындағы түйткілдерді қозғады.
Депутат Қайрат Рахымұлы әрбір тұрғынның өтінішіне жіті назар аударып, көтерілген мәселелерді жеке-жеке қарады. Ол тұрғындарға мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Қайрат Балабиев өз сөзінде:
– Мемлекеттік саясаттың өзегі – азаматтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру. Сіздердің ұсыныстарыңыз – біздің жұмысымыздың негізі. Әрбір мәселе тиісті министрлік пен мекемелер арқылы қаралып, назарда болады, – деп атап өтті.
Қоғамдық қабылдау барысында нақты нәтижелерге жету үшін аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға құқықтық кеңес беріліп, әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.
Сапар соңында депутат көтерілген ұсыныстар мен талаптардың барлығы тиісті органдарға жолданып, жеке бақылауында болатынын мәлімдеді. Мұндай қабылдаулар – тек халықтың мәселесін тыңдау емес, сонымен қатар билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың нақты қадамы екені сөзсіз.
Саурандықтар үшін бұл кездесу мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп, тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды сәт болды. Осындай ашық алаңдар тұрғындардың белсенділігін арттырып, өңірлік дамуға серпін берері анық.