САУРАН АУДАНЫНДА «TUR WORKOUT – ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ» ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ЖОБАСЫ ӨТТІ
Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар жобасы ұйымдастырылды.
Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Жоба жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.
Бүгінде елімізде жастарды жан-жақты қолдау, олардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Осы бағытта Мемлекет басшысы жастардың құқықтық санасын көтеруге, заң үстемдігін нығайтуға, қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға ерекше назар аударып келеді. «Заң мен Тәртіп» қағидаты – әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін құрметтеуге, әділ қоғам қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру, лудоманияның, интернет-алаяқтықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ заң талаптарын сақтау мәдениетін нығайту.
Шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Қадыров, Департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің капитаны Гүлзия Қарсыбай және Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жастарға сәттілік тілеп, қоғамның дамуы жастардың белсенділігі мен заңға деген құрметіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Іс-шара аясында жастармен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізіліп, қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтықтың түрлері, қаржылық қауіпсіздік, дропперліктің заң алдындағы жауапкершілігі, банк карталары мен жеке деректерді бөгде адамдарға берудің қауіптілігі және оның құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар нақты мысалдар келтіре отырып, алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары жөнінде кеңестер беріп, қатысушыларға арнайы ақпараттық жадынамалар таратты.
Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы айтылып, спортпен тұрақты айналысу, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу және қоғамдық өмірге белсенді араласу – құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі екені атап өтілді.
Жобаның спорттық бөлімінде қатысушылар күш пен төзімділікті талап ететін workout жаттығулары бойынша өзара бақ сынап, дене дайындығы мен спорттық шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарыстар жастарды бұқаралық спортқа тартуға, достық қарым-қатынасты нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жобасы бекітілген кестеге сәйкес Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында кезең-кезеңімен өткізілуде. Әр өңірдегі үздік қатысушылар облыстық финалдық кезеңге жолдама алып, өзара бақ сынайды.
Сауран ауданында өткен іріктеу кезеңінің жеңімпаздары облыстық финалдық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады. Бұл өз кезегінде жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың құқықтық сауаттылығын көтеруге, қоғамдық белсенділігін нығайтуға және заңға құрмет қағидаттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осындай тағылымды жобалар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыруға өз үлесін қосып келеді.
