САУРАН АУДАНЫНДА ҰШҚЫШСЫЗ ҰШУ АППАРАТТАРЫ МЕН ТІКҰШАҚ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛЫНУЫ МҮМКІН

Түркістан облысында, оның ішінде Сауран ауданында жоғары технологияларға негізделген жаңа өндіріс ошағы – тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА), сондай-ақ жүк тасымалдайтын дрондарды шығаратын зауыт салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Аталған жоба еліміздің оңтүстік өңіріндегі индустриялық-инновациялық әлеуетті арттырып, өңір экономикасын әртараптандыруға серпін бермек.

Жобаны жүзеге асыру мәселесі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен халықаралық инвесторлар арасында өткен арнайы кездесу барысында кеңінен талқыланды. Инвестор тарапынан өндірістік кешенге 290 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Айта кетейік, зауытты орналастыру үшін Түркістан облысындағы бірнеше индустриялық аймақтармен қатар, Сауран ауданы да әлеуетті орын ретінде ұсынылды.

Сауранның артықшылығы неде? Сауран ауданы бүгінде инфрақұрылымдық, географиялық және логистикалық тұрғыдан алғанда, жоғары технологиялы өндірісті орналастыру үшін тиімді өңірлердің қатарында. Аудан аумағында жол және теміржол желілері, электр және су жүйелері, сондай-ақ еңбек ресурстары жеткілікті. Бұл факторлар инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде:

«Бұл жоба — жай ғана өндіріс орны емес, болашаққа жасалған сенімді инвестиция. Облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Сауран секілді ауданнан бастау алған мұндай ірі жоба бүкіл өңірге серпін береді», — деп атап өтті.

Жоба сипаттамасы. Жоспарланған өндіріс ошағында:

  • Азаматтық және арнайы мақсаттағы тікұшақтар,

  • Ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар),

  • 3000 метрге дейін биіктікте ұшуға қабілетті төменгі авиация құралдары өндіріледі.

Бұл құрылғылар логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым мониторингі және төтенше жағдайлар салаларында кеңінен қолданылады.

Зауыт іске қосылған жағдайда шамамен 150 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Ұшу аппараттары тек ішкі нарықта емес, экспортқа да бағытталуы көзделіп отыр.

Инвесторларға көрсетілетін қолдау. Түркістан облысы мен Сауран ауданы шетелдік және отандық инвесторларға бірқатар жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін ұсынуға дайын:

  • Салықтық және кедендік жеңілдіктер,

  • «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету,

  • Дамыған индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар (TURAN АЭА — 4000 гектар),

  • Тез әрекет ететін әкімшілік инфрақұрылым және кәсіпкерлікке ашық жергілікті билік.

Сауранның өндірістік келешегі. Соңғы жылдары Сауран ауданында ауыл шаруашылығы мен туризммен қатар, өнеркәсіптік өндірісті дамыту да басым бағыттардың бірі болып келеді. Құс фабрикалары, жылыжай кешендері, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар қатарында бұл жаңа жоба өңір экономикасына жоғары технологиялық серпін бермек.

Жалпы, 2025 жылға дейін Сауран ауданында 100 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 30-ға жуық жаңа өндіріс орны ашылады деп күтілуде. Ал 2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, аудан аумағында 254 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Жалпы, Сауран ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар өндіретін зауыттың салынуы – өңір тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Бұл жоба арқылы ауданның өндірістік әлеуеті артып қана қоймай, заманауи технологиялар мен жоғары білікті жұмыс орындарына жол ашылады. Ең бастысы — Сауран Қазақстанның инновациялық индустриясында жетекші өңірлердің біріне айналуға нақты қадам жасап отыр.