САМАЛ-З ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде Самал-3 шағын ауданына Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановпен барып, тұрғындармен тілдесіп қайттым. Бұған дейін шағын аудан тұрғындарының өзекті мәселелерінің бірі — жоғары жылдамдықты интернет болатын. Енді аталған түйткілдің түйіні ағытылып, Самал-3 толықтай талшықты оптика желісімен қамтылды.
Тарата жазсақ, биыл Абай ауданына қарасты 7000-ға жуық үйі бар Самал-3 шағын ауданын оптикалық желі арқылы сапалы интернетпен қамту жұмыстарын жүргізу мақсатында басқармамен жеке инвесторлар тартылған болатын. Бүгінде «i-LinkNet» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Самал-3 шағын ауданындағы орталық көшелерге оптика желісі толық жүргізіліп, жалпы саны 50 км қамтитын абоненттік кабель тартылды. Нәтижесінде Самал-3 шағын ауданындағы 28 000-ға жуық адамды сапалы интернетпен қамтуға мүмкіндік жасалуда. Тиісті жұмыстар алдағы 2 ай көлемінде аяқталып, шағын аудан жоғарғы жылдамдықты интернет желісімен толық қамтылады.
Бүгінде өтініш қалдырған 20-ға жуық үйге интернет желісі қосылып, тұрғындардан қосымша өтініштер қабылдануда. Егер де тұрғындар тарапынан кеңжолақты интернет желісіне қосылуға (8 775 395 29 02) нақты өтінімдер берілген жағдайда, «i-LinkNet» компания тарапы шағын ауданды толыққанды талшықты оптика желісімен (20 және 40 Мбит/сек жылдамдығына дейін) қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта, «i-LinkNet» компаниясы Асар-2 және Солтүстік-батыс шағын аудандарын (100%) талшықты оптика желісімен қамту жұмыстарын жүргізетінін де айта кету керек.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Т.Балтабаев.