ОТЫРАР: ҚОС АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтың тұрғындармен кезекті кездесуі Қоғам, Қарғалы ауыл округтерінде өтті. Алдымен округтердегі елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, одан әрі С.Әшіров атындағы мектеп аумағында демеушілер есебінен бой көтерген күрес залында болды.
Өздеріңізге белгілі, Оңалбек Әуелбеков атындағы күрес залында Абылайхан Өскенбаевтың жетекшілігімен 60 балалар мен жасөспірімдер жаттығып, алғашқы сайыста жүлде иеленіп үлгерді. Қазіргі таңда белгілі бапкер Оңалбек Әуелбеков пен ауыл азаматтарының демеушілігімен бой көтерген нысанда спортқа қызығушылығы бар балалар жаттығып, дене шынықтырумен шұғылдануда.
Мұнан соң тұрғындармен кездесуде ауыл азаматтары ағын су мәселесінің өзектілігіне баса назар аударып, толғандырға сауалдарын жолдады. Қоғамдықтар ішкі көшелердің, электр бағаналары мен сымдарының жайына тоқталса, талаптылықтар медтірек ғимараты пайдалауға берілсе деген ұсыныстарын жолдады.
Келесі кезекте Айдос Құлмаханов Қарғалы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын баяндап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Тұрғындардың пікірі тыңдалып, ескерілуі тиіс мәселелер хаттамаға енгізіліп, жоспарға қосылды. 2023 жыл – Қарғалы ауылы үшін жемісті жыл болды десек қателеспейміз. Ауыл ішінен балаларға арналған ойын алаңшасы мен Қ.Қожахметов көшесінің бойынан аяқжол салынды. Қарғалы ауылына газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, бүгінгі таңда жоғары қысымды газ жүйесін магитралдық газ жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары табиғи газ жүйесіне қосылуына толық мүмкіндігі бар.
Жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлер мен ауыл тұрғындарының өтініші назарға алынып, жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар берілді.