ОТЫРАР: ҚОҒАМДА ЖАҢА КҮРЕС ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Бүгін 25 қазан – Республика күні аясында Қоғам ауылында заманауи күрес залы ашылып, ел игілігіне берілді. Аталған нысан спорт жанашыры, белгілі бапкер Оңалбек Әуелбеков пен ауыл азаматтарының қолдауының арқасында толық аяқталып, қоғамдық балуандарға есігін айқара ашып отыр.
Жаңа күрес залының ашылуына Отырар ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ержан Оралбай арнайы қатысып, жаңа нысанды тұрғызуға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Ол өз сөзінде: «Міне, біз бүгін балуандардың ұстаханасына айналған ауылда жаңа Күрес залының ашылуына куә болып отырмыз. Осы орайда бүгінгі ел азаматтарының өнегелі ісі кейінгі жастарға үлгі ете отырып, жастарды патриоттыққа, елге адал қызмет етуге тәрбиелеудің маңызы зор деп санаймын. Осы сәтті пайдалана отырып мемлекет саясатын іске асыруда өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, туған елінің, туған жерінің дамуына атсалысып келе жатқан азаматтарға алғысымды айтамын», — спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болатынына сенім білдірді.
Отырар ауданында қазақ күресінің қарыштап дамуына, осы ауданның балуандары облыстық деңгейдегі сайыстарда оза шабуына, республикалық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілуіне бірден-бір еңбек сіңірген бапкер – Оңалбек Әуелбеков. Білікті бапкер 1977 жылы Қоғам ауылында қазақ күресінің үйірмесін ашып, елдің намысы таразыға тартылған сайыстарда абыройды аласартпайтын балуандарды баулыды.
Шара барысында Ержан Асанұлы туған жердің, туған елдің спортын дамытуға атсалысқан ардагер бапкерге ризашылығын білдіріп, иығына зерлі шапан жапты.
Мұнан соң жаңа күрес залының лентасы қиылып, көпшілік заманауи спорттық нысанды аралап көрді.
Салтанатты шара одан әрі Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері, Отырар ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Оңалбек Өтебайұлының жүлдесіне арналған Қазақ күресінен 2009-2010 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирімен жалғасын тапты. Спорттық бәсекеге еліміздің Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы және Түркістан облысының 11 ауданынан келген, жалпы саны 220 балуан қатысып бақтарын сынауда.