Қоғамдық тамақтану саласындағы санитариялық талаптар мен еңбек заңнамасы түсіндірілді
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында қоғамдық тамақтану саласындағы қауіпсіздік пен еңбек заңнамасы мәселелері талқыланды
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету жөніндегі салалық кеңестің кезекті отырысы аясында қоғамдық тамақтану саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік пен еңбек заңнамасының талаптарына арналған семинар өтті.
Жиынға өңірдегі кәсіпкерлер, қоғамдық тамақтану және азық-түлік өндірісі саласының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауапты мамандары қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлер арасында еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау, қоғамдық тамақтану объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халық денсаулығын сақтау бағытындағы өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Семинар барысында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ғалымжан Сапарқұлов кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтары, әйелдер мен отбасылық міндеттері бар қызметкерлердің еңбек кепілдіктері, жүкті әйелдердің құқықтары, бала күтімі бойынша демалыстағы қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері, ата-аналарға арналған икемді жұмыс кестесі және жұмысқа қабылдау кезінде кемсітушілікке жол бермеу мәселелеріне тоқталды.
Келесі кезекте Тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің бас маманы Айгерім Кенжебаева қоғамдық тамақтану орындарында тағамнан уланудың алдын алу жолдары мен санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 20 тамыздағы № ҚР ДСМ-83 бұйрығымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық талаптар негізінде кондитерлік өнімдерді өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу, сондай-ақ фаст-фуд өнімдерін (суши, ролл, пицца, донер, шаурма және т.б.) дайындау мен жеткізу кезінде сақталуы тиіс талаптар кеңінен түсіндірілді.
Ал Тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің бас маманы Асылзат Оралбай байытылған (фортификацияланған) ұнды қолданудың маңыздылығына тоқталып, тамақ өнімдерін өндіру барысында фортификацияланған ұнды пайдалану халық денсаулығын нығайтудағы маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті.
Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы, семинар модераторы Құралай Мамирова жиынның маңыздылығына тоқталып:
«Кәсіпкерлердің заң талаптарын толық білуі – сапалы қызмет көрсетудің және бизнестің тұрақты дамуының негізі. Осындай кездесулер арқылы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасында ашық диалог орнап, кәсіпкерлер өзекті мәселелер бойынша тікелей түсіндіру жұмыстарын алады. Бұл өз кезегінде қоғамдық тамақтану саласында көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, халықтың денсаулығын қорғауға және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын нығайтуға ықпал етеді», – деді.
