Өнердің төріне озған – Қазығұрт!

Білім ордасы – білім мен ғылымды тоғыстырып, білімгерді кәсіби тәлім мен білімнің биігіне, ғылымның өріне баптап шығарып, қоғамға қызмет етуге даярлайтын қасиетті шаңырақ. Әрбір білім мекемесінің тағылымы терең тарихы, игі дәстүрлері, шеберлікпен шыңдалған ұлағатты ұстаздары мен талантты шәкірттері болады. Ол сонысымен ерекшеленіп абыройын асырып, қоғамның мақтанышына айналады. Елдің атын шығарып, келешегін айқындауда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің алған бағытының орны ерекше, олай деп ауыз толтыра айтуға мысалдар жетерлік.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы ұстаздар аңсаған құжатқа қол жеткізгеннен соң, Ұстаздар ұстаханасының маман даярлаудағы жауапкершілігі арта түсті деуге әбден болады. Себебі, еркін елдің бүгінгі жастарын кәсібіне деген патриоттық рухта тәрбиелеу, біздердің міндетіміз. Сондықтан жастарды шыңдауда университет өмірінің де рөлі ерекше екендігін нақты айта аламыз. Егер өткен күндер – осы шаққа баспалдақ, осы шақ – келер шаққа табалдырық десек, жастарға кәсіби тәрбие берудің негізгі бағыты – жас буынды кешегі тарихымыздың құндылықтары мен бүгінгі игіліктеріміздің шын мұрагерлері ретінде баулудың озық үлгілері біздің Қарашаңырақта бар екендігіне күмән жоқ.

Тарих қойнауына үңіліп, оқу ордамыздың өмірі мен тіршілігін, оқу мен тәрбие, білім мен ғылым, өнер мен спорт, беделі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа киелі Қара шаңырақ ұғымының баға жетпес құндылығын сабақтастықпен келер ұрпаққа қалдыру мақсатында университет ректоры Г.Д.Сүгірбаеваның бастамасымен естелікке толы ғылыми-әдістемелік, мәдени-тағылымдық іс-шаралар ұтымды ұйымдастырылуда. Сол бағытта университеттің тыныс-тіршілігімен бірге қайнап келген «Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің кешесі мен бүгіні тек шәкірттердің ғана емес, университет өмірінің бір сағасы.

«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген аңыздың негізінде адамзаттың бесігі аталып кеткен киелі Қазығұрттың атын 1996-жылы университетімізде құрылған фольклорлық-этнографиялық ансамбліне беру де тегін болмаса керек. Университет білімгерлері мен қызметкерлерінен құралған «Қазығұрт» университет ұжымын ғана емес, қазақ елін әнмен тербетіп келгелі 25 жыл толыпты. Тәжібаева Ұлбосын Қарынбекқызы ұйымдастырған фольклорлық-этнографиялық «Қазығұрт» ансамблі күні бүгінге дейін көпшілікке қызмет етіп келеді.

«Қазығұрт» бастау алған 85 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде сақталған сабақтастық үрдіс бойынша түрлі құрамда өнер ансамбльдері тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Сонау 1984-жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институты аталып тұрған шақта ұйымдастырылған «Әлия» акапеллалық (сүйемелдеусіз орындалатын) қыздар ансамблі тек қана Қазақстанда ғана емес, алыс, жақын шетелдерде өнер көрсетті. Бұл жетістіктердің басы қасында оқу орнымыздың өркендеу дәуірінде басшылық жасаған оқу-ағарту ісінің үздігі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Мырзахан Сәрсембаевтың болғанын, қатал да турашыл талаптың иесін университет тарихында сағынып еске аламыз.

Ұлбосын Тәжібаева ұйымдастырған қазақ музыка өнеріне үлкен жаңалық, жаңа леп болып келген, қазақ қыздарынан құралған «Әлия» қазақ әндерін керемет шеберлікпен үндестіре білген, талайдың таңдайын қақтырған. Репертуарында халық әндерін, классикалық әндерді, Шәмші Қалдаяқовтың, Бақытжан Байқадамовтың, Абайдың, түрлі туыстас халықтардың және композитор Аманбек Ақаевтың «Албырт сезім», «Алтынай», «Қыз есімі» сияқты бірнеше әндер болды. Осы орайда, «Қазығұрт» әнінің авторы, осы ансамбльге әр кез рухани демеушілік ететін, ақын, жазушы, композитор, Шәмшінің шәкірті Аманбек Ақаев екенін мақтанышпен айта аламыз.

Ансамбль қалалық, облыстық және Кеңестер Одағы көлемінде ұйымдастырылған ән байқауларының жеңімпазы атанды.Ерекше мақтанышпен айтуға болатын жайт, Кеңестер Одағы бойынша ұйымдастырылған «Студенттік көктем-1987» байқауының бас жүлдегері болып, Москва телеарнасынан «Товарищ песня» бағдарламасында жыл бойы әр сенбі сайын, көрсетіліп, Одақ көлемінде атағы кеңге таралып, «Лауреат» атағына ие болды. Ансамбльдің орындауындағы көп дауысты 10 шығарма Қазақстан Республикасының теледидарының «Алтын қорында» сақтаулы.

Ансамбль мүшесі болған «Қазығұрттың» тумасы, түлегіміз Жорабаева Алтынай Құлажанқызы үлкен сахнаға алғаш рет 1997-жылы шығып, «Арай» байқауында жүлдеге ие болып, республикалық «Жас қанат-97» байқауында дипломант атанды. Х-шы Халықаралық «Азия Дауысы» фестивалінің лауреаты (2001), Витебск қаласында өткен Халықаралық «Славянский базар» фестивалінің дипломанты (2003), Болгарияда өткен VIII Халықаралық «Discover» байқауының лауреаты (2004), 2004 жылы Латвияда Юрмала қаласында өткен Халықаралық Ән фестивалінде, «Қазығұрт» әнімен «Гран-При» жүлдесін эстрадалық үлгіде орындап жеңіп шықты. Египетте өткен «Александрия» ән байқауының лауреаты (2005), АҚШ, Голливудта өткен орындаушылық шеберліктің әлем чемпионатының екі алтын, екі күміс медалінің иегері (2005), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2004), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері (2006), Қазығұрт ауданының құрметті азаматы (2008), Төле би ауданының құрметті азаматы (2013), «Құрмет» орденінің иегері (2016) атанған өнер жұлдызы.

Ансамбльдің жетістікке жету жолында Жандарбай Ерлан Жұмаділдәұлының орны ерекше. Унивеситеттің бірінші курсынан бастап ансамбльдің құрамына әнші және келешек қобызшы құрамына қабылданған студент ансамбль құрамында жүріп республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараларда өнер көрсетті. 2008-2009 жыл арасында Марио дэль Монако, Рената Тебальди атындағы халықаралық опера әншілері академиясында атақты ұстаз Маро Мелани, Алла Симони, Донг Иль Джанг сияқты әлем шеберлерінің сыныптарынан мастер-класс алды. 2011 жылы Польша мемлекетінде өткен Музыкальный сад Рюбецаля опера әншілер байқауында жүлделі ІІ орын және «Үздік орындаушы» номинациясын жеңіп алды. Аталмыш фестивальде Австрияның (Зальзбург) Моцартеум консерваториясының профессоры Ингрид Кремлинг және Елизабете Вилькенің шеберлік сыныбына қатысып арнайы дипломмен марапатталды.

Қансейітов Самат Асанұлы Қазақ радиосының алтын қорындағы қолжазба ноталардан құрастырылған «Қазақстан композиторларының танымал 100 ән-романстарының клавирі» атты жинақтың ноталары мен ән мәтіндерін компьютермен теріп, редакциялап баспаға дайындаған шебер орындаушы. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Ақпараттық саясат бөлімінің жетекшісі, баспасөз-хатшысы қызметін атқаруда.

Халқымыздың «өткен күнде белгі бар» деген мақалы тектен-тек айтылмағаны анық. Ширек ғасырды артқа тастаған «Қазығұрт» этнографиялық ансамблі мектепті жаңа ғана бітіріп, студенттік өмірге, ұстаздық ұлы жолға қадам басқан қаншама дарынды жастардың дарынын жарқырата көрсетіп, қиялына қанат бітіреді. Әрқайсысы жеке-жеке тұлға болып қалыптасқан өнерлі студенттер өнерде де, өмірде де өз жолдарын тауып, биік-биік белестерді бағындырды. Осынау қол жетпес қиялдағыдай болып көрінетін асқақ армандарға жету жолында қасиетті де қазыналы қара шаңырақ – Оңтүстік қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің орны ерекше. Ұстаздар ұстаханасындағы қатардағы қарапайым оқытушылардан бастап, жоғарғы санаттағы профессор-оқытушылар құрамының, оқу орда басшылығының бұл бағыттағы еңбектері ерен, үлес-салмағы да айрықша екендігін мақтанышпен айта аламыз.

Гүлдариға ТАУТАЕВА,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің

тарих және педагогика факультетінің деканы.