Нұрсұлтан Назарбаев: Рухы мықты ел кез келген қиындыққа төтеп береді
Рухы мықты ел кез келген қиындыққа төтеп береді. Отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отандық телеарналардан көрсетіліп жатқан сұхбат барысында «Алматы ақшамы» газетінің редакторы Қали Сәрсенбай Елбасыдан: «Өзіңіз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаңызда саяси, экономикалық, рухани салаларда жаңғыру міндетін қойдыңыз. Сұрайын дегенім, әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін осы үш бағыттың атқарар рөлі қандай?», — деп сұрады.
Осы кезегінде Мемлекет басшысы жаңа жыл қарсаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп отырғанына қуанышты екендігін атап өтті.
«Биылғы жылды тәмамдап келе жатырмыз. Әр жылымыздың өзі үлкен белес, көп жұмыс. Халық үшін, ел үшін, тәуелсіздік үшін барлығымыз еңбек етіп келе жатырмыз. Бұл жыл да табысты болды деп санаймыз. Жалғыз ол саяси жаңғыру мәселесі емес. Басқаларын да шештік. Дегенмен, сұрақ қойылғаннан кейін айтайын, жаңағы үш бағдар ол бірінші — экономика, екінші — саясат одан кейін рухани дүние бір-бірімен бірге жүреді. Өздеріңіз білесіздер, біздің экономика жағынан жасаған шаруаларымыз елге белгілі. Осы 26 жылдың ішінде Қазақстанымыз аяғынан тік тұрып, мемлекет болып, халықтың жағдайын түзетті», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Елбасы саяси жағынан бұрынғы кеңестік жүйеден заманауи жүйеге көшкенімізді, либералды саясат жүргізіп жатқанымызға тоқтала кетті.
«Алдымызда үлкен мақсат та бар. Ол — 2050 жылға дейін елдің өркендеуі, 30 дамыған озық елдің қатарына енуі. Сол үшін тек қана экономикамен, саясатпен қала алмаймыз. Рухани жағдайымыз да бірге өсуі керек. Рухы мықты ел қандай қиыншылықтарға да төтеп береді. Сондықтан біз рухани жағымызға көңіл аударатын кез келді деп санаймыз. Оның барлығы жұртқа белгілі. Оның 6 тармағы бар. Барлық жағынан жұмыс істеліп жатыр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
inform.kz