Н.Бұхарбай: Букмекерлік кеңселер керек пе?

Қоғамды жегідей жеп жатқан жегіқұрттардың бірі — букмекерлік кеңселер. Оңай олжаға кенелемін деген талай жас жігіт осы кеңселердің арбауына түсіп, отбасынан айрылды. Тапқан-таянғанын бәс тігуге жұмсап, әйелімен ажырасқандар да бар. Өкініштісі, қалаларда, аудандарда орталық көшелердің бойынша букмекерлік кеңселер толып тұр. Күні кеше Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев facebook-тегі жеке парақшасында көпшілікке «Букмекерлік кеңселер керек пе?» деп жазба қалдырды. Оқырмандар жазбаны 38 рет бөлісіп, 60-қа жуық пікір жазып үлгерген. Пікір жазғандар 100 пайыз букмекерлік кеңселердің жабылуын қалайды екен. Желі қолданушысы Мейірбек Тулебаев букмекерлік кеңселер казинодан асып түскенін жазған.

«Мейрбек Тулебаев Букмекерлік кеңсе қазыргі уақытта казинодан да өтіп кетті. Казинодан құтылдық деп қуанып едік, енді букмекерлік кеңсе шықты. Казиноны қалталы адамдар ғана ойнайтын еді. Букмекерлік кеңсенің азартына кәмелет жасына толмаған жастарымыздан бастап шалдарымызда кіріп кеткен. Қаншама жас отбасылар осының кесірінен ажырасуда. Қажеті жоқ кеңсе!»

Ал «Бал Текстиль» кілем фабрикасының директоры Талғат Исхахов. « Букмекерлик кенселерди жауып тастау керек Казакстанда» деп пікір қалдырған.  

Ендеше Н.Бұхарбаевтың жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

«Бүгінде Шымкентте «Олимп», «Зенит», «Гол+Пас», «Фэйр Плей» секілді түрлі букмекерлік кеңселер бар. Ол жерде адам үзілмейді. Бәрі «ставка» қою үшін келеді. Бірақ сол «ставка» арқылы табыс тапқан жанды естімеппін. Керісінше құмар ойынға беріліп, талай отбасының ойран болғанын естіп жүрміз. Әнеу бір жылы бәс тіккен бір азамат өзіне-өзі қол жұмсағанын да білеміз. Мұндай орталықтарда жастар көп жүретінін де байқаймыз. Қаракөз қыздарымыз кассада отырады. «Ставка» қоюды үйренген олар айлық алмайтын жағдайға жеткен. Бар тапқанын еселеп аламын деп бәске тігіп жіберіп, құр босқа жүр. Ата-анасы оқуға деп берген ақшасын букмекерге құртып, оқуы жайына қалып, ішімдікке салынады, темекі де шегеді. Букмекерлік кеңселердің пайдасынан зияны көп. Осы уақытқа дейін талай адамға зиянын келтіріп үлгерді. Бұларға шектеу қою керек.

1) ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабында ойын мекемелерінің қайда орналасуы керектігі анық жазылған.    adilet.zan.kz

Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй-жайларда орналастырылуға тиіс. Оларды тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын емес үй-жайларында, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады.

2) Букмекерлік кеңселер еліміздің әлеуметтік мәселесіне де көп зиян келтіруде. Қаншама адам зардабын шегіп, талай адам қор болды. Оңай олжа табамын деп, жолы болмай ызақор, күйгелек күйге түскендер көп.

3) Экономикалық жағынан қарасақ мемлекетіміздің миллиондаған ақшасы шетелге кетіп жатыр. Мысалы бір ғана Головкиннің бокс кешінде мыңдаған қазақстандық 100 миллиондап долларлап «ставка» қойып, шетелдің кәсіпкерін байытуда. Әлемде болып жатқан футбол, теннис тағы басқа ойын түрлерін айтпағанның өзінде. Оның үстіне бұлар тәулік бойы жұмыс істейді. Еліміз инвестиция тартумен әлек, ал бұлар ақшаны тек сыртқа шашуда.  Себебі кеңсе қызметiн шетелдіктер басқарады.

Шымкенттегі заңсыз орналасқан барлық букмекерлік кеңселерді құзырлы органдар тексеріп, түгел жабу керек деп есептеймін», — деп өз ойын жазған.

Жалпы букмекерлік кеңсеге барып бәс тігу, харам болып саналады. Діннің көзқарасы да бұл нәрсеге тиым салған. Құмар ойындарына Ислам діні түбегейлі қарсы. Бұларды ашуға кім рұқсат берді? Олардың саны, зияны туралы сараптама, зерттеу жүргізген құзырлы орын бар ма? Егер бұл бетімен кете берсе, екінің бірі құмар ойынның құрбанына айналып кетпей ме? Ол аздай еліміздің бас телеарналары «Олимп»  кеңсесін ашық жарнамалап жатыр. Егер осы мәселемен айналыспасақ, ертең кеш болуы мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *