МЕКТЕПТЕРДЕ ПОЛИЦИЯ НАЗАРЫН КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ

Бүгін Шымкент қалалық мәслихаттың депутаты Н.Бұхарбаевтың төрағалығымен экономикалық жоспарлау және даму бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімдері, қалалық жергілікті полиция басшылары 2017-2018 жылдың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары бойынша өз есептерін берді.

Жиын барысында 16 мәселе қаралып, әрбір есеп мұқият тыңдалды. Отырыстағы ең өзекті тақырып, Сарыағашта орын алған оқиға бойынша сөз болды. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі И.Асқарбековтың айтуынша жалпы мектептерде кәмелетке толмағандармен жұмыс жасаушы полиция инспекторларына мүлдем жағдай жасалмайтынын жеткізді.

«Ауруын жасырған, ауырмай өледі» дейді ғой. Мысалы білім ұяларында ұсақ қылмыс орын алса, оны мектеп директоры барынша жасырады. Біздің инспекторлар қылмысты ашайын десе, қайтадан білім ошағының басшылығы білдіргісі келмейді. Қайта олар тәрбиесі нашар жасөспірімдерді бізге айтып, мәселенің алдын алуы тиіс емес пе?! Міне, осыдан келіп ұсақ қылмыстар, кешегі Сарыағаштағы жағдайға ұқсап, үлкен дауға ұласады. Тіпті мектептерде кәмелетке толмағандармен жұмыс жасайтын полиция инспекторларының кабинеті жоқ. Білімге жауапты бөлім басшылары тіпті мектептерге мұндай инспекторлардың қажеті жоқ деген кезі болған », — деді Әл-Фараби полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Е.Кенжебаев.

Бұл мәселеге тұрақты комиссияның төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев полиция басшыларына нақты ұсыныс дайындауды тапсырды.

«Мәселен, кез-келген мектепте кәмелетке толмағандармен жұмыс жасайтын полиция инспекторы кеше ғана оқуды бітіріп келген жас маман екені анық. Ол рас. Өзі енді жұмысты бастаған полицейге аса жауапты өскелең ұрпақпен жұмыс жасауды тапсырасыздар. Оның тағы кабинеті болмаса, әрине біздің білім саласында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өрши береді. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Оқушылармен жұмыс істеу үшін тәжірибесі мол полицейлер керек. Мысалы зейнетке шыққан полицейлер бар. Ол кісілер жастар тәрбиесіндегі нағыз психологтар. Тиісінше, білім ұясындағы тәрбие ісі бойынша жауапты мұғалімдер, сынып жетекшілері «бұзақы» оқушыларды әркез полицейге ескертіп отырса, ешқандай олқылық орын алмайды», — деді халық қалаулысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *