МҰРАТ ӘЙТЕНОВ ШАҒЫНАУДАНДАРДЫ САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУДЫ ТАПСЫРДЫ

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Нұртас, Асар-2 шағынаудандарын инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын тексерді. Қазір 18 мыңға жуық халқы бар Нұртас елдімекенінде кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 62,6 шақырымды алып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы 2024 жылы толық аяқталады. Құрылыс барысын қадағалаған қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына жергілікті әкімдікпен бірлесе абоненттеу жұмыстары бастауды тапсырды.

Асар-2 шағынауданында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгінде 15 мыңнан астам халық тұратын елдімекенде 24 шақырымдық газ жүйелері жүргізілген. Шағынауданды табиғи газбен толық қамту сәуір айының соңына дейін аяқталады. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес елдімекен алдағы жылы сапалы электр қуатымен, кәріз жүйесімен толық қамтылады.

Құрылыс жұмыстарын қадағалаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізуде тиісті талаптардың қатаң сақталуын бақылады тапсырды. Сонымен қатар барлық жұмыстардың сапалы, уақытылы атқарылуын назарда ұстауды ескертті.