«KITAPLIKE» ЖОБАСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ҚАРАЙ ҮШ ОҚЫРМАН КЛУБЫ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Арыс қаласының білім бөліміне қарасты «Ж.Ташенов атындағы жалпы білім беретін мектебінде мектепішілік жоба ұйымдастырылды. «Kitaplike» жобасында оқушылардың жас ерекшелігіне қарай үш оқырман клубы жұмыс жасайды. Мәселен 3,4,5 — сынып оқушыларынан құрылған «Балбұлақ» оқырман клубы — қазан айында экологияны қорғау тақырыбына арналған, аңыз әңгімелер жинағы «Экософия» кітабын оқиды.
6,7,8 — сынып оқушыларынан құрылған «Ойзерек» оқырман клубы — қазан айында Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын оқыса, ал 9,10,11 — сынып оқушыларынан құрылған «Бала би» оқырман клубы бұл айда Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» кітабын оқиды.
Жоба мақсаты: интеллектуалды тұлға қалыптастыру.
Әрбір оқырман клубы үш бағытта жұмыс жасайды:
«Ұшқыр ой» бағытында оқырмандар оқыған шығарма бойынша өз ойларымен бөліседі, пікір алмасады, кейіпкерлерге баға береді, бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып, оқиғаларға, кейіпкерлерге талдау жасайды.
Жетекшілер алдын ала талқылау сұрақтарын, тапсырмаларын дайындайды. Бұл бағытта қатысушылардың сөйлеу дағдысы қалыптасады, баға беріп үйренеді, шешендік өнерге бейімделеді.
«Қылқалам ұшында» — бұл бағытта оқушылар оқыған шығарма бойынша иллюстрация, сурет салады, шығарма барысында алған әсерін сурет арқылы бейнелейді. Шығармадағы оқиғаны, табиғатты, кейіпкерді қиялмен көре алуға, оны қағазға көркемдеп салуға үйренеді. Әр оқылған шығарма бойынша сурет көрмесі ұйымдастырылады.
«Ойтамшы» бағытында оқыған шығарма бойынша оқушылар эссе, ойтолғау, өлең, рецензия, сыни шолу жазып үйренеді. Топ жетекшілері шығармада көтерілген мәселе бойынша, кейіпкер бейнесін ашуға, бүгінгі күнмен байланыстыруға арналған бірнеше арнайы тапсырмалар, тақырыптар береді. Оқушылар жас ерекшелігіне қарай жазылым тапсырмаларын орындайды.
«Балбұлақ» тобының оқушылары өлең, ойтолғау, әңгіме, шағын эссе жазады. «Ойзерек» тобының оқушылары өлең, әдеби эссе, сыни шолу жазады. Ал ересек оқушылар, яғни «Бала би» тобы сыни шолу, рецензия, эссе жазады. Үздік жазбалар газет, журнал беттеріне жариялауға ұсынылады.
Оқушылар осы үш бағыттың біреуіне қатыса алады, егер екі немесе үш бағытқа да қатысамын десе оған да рұқсат етіледі, ондай жағдайда көп бонус жинауына мүмкіндік бар.