Елдің болашағы – жастардың қолында

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы –  жастардың қолында» деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.
Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді дамыту – қазіргі жастардың басты міндеті. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар болып табылады. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, солардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз. Жастардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы үшін де қазіргі заманда білім-ғылымға және мәдениетке аса көп назар аударатыны, ғылыми прогресті дамыту үшін көптеген қызмет атқарып, еліміздің дамуындағы білімнің маңызын айтып, нұсқау беруі – бәрі де ел экономикасының қарыштап дамуындағы бірден-бір өзгеріс екені баршамызға айқын.
– Жас ұрпаққа арналған қолдаудың тағы бір түрі – білім алуға арналған гранттар. Біздің облыс еліміздегі жастар санаты бойынша донор облыс болып табылады. Себебі біздегі жастардың саны жалпы облыс халқының 30 пайызын құрайды. Жоғары оқу орнынан бөлек өңіріміздегі 52 орта арнаулы оқу орнында 35 мыңнан астам жас білім алады. Осы жылға колледждерге 15300 грант бөлінген болатын. Бұл гранттар «Жастар орталығының» және ұйымдардың нәтижесінде толық игерілді, – дейді «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман.
Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің жалынды жастарына мемлекет тарапынан жыл сайын барынша қолдау көрсетіліп, түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі облысымызда «2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жоба» шеңберінде жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беріле бастады. Биыл 594 жасқа несие беру жоспарланып отыр, жалпы қаражат көлемі 2 миллиард 970 миллион теңгені құрайды. Бұл қолдау жастардың кәсіпкерлікті дамытуына көп мүмкіндік сыйлайды.
Жастарымызға мемлекет тарапынан саяси бағыт бойынша да үлкен қолдау көрсетілуде. Қазір жастар санатына кіретіндер жасы 29-дан 35-ке дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда халық үніне құлақ асатын үкімет тұжырымдамасына сәйкес жастардың да үні мәслихаттағы жас депутаттар арқылы көтеріліп, өзіндік қолдау табуда. Облыс бойынша 44 жас депутат болып сайланған.
– Жастар саяси өмірге белсене араласа бастады. Біздің «Жастар рухы» жастар қанаты елімізде 2022 жылы өткен барлық саяси реформаларға қатысты. Жалпыхалықтық референдум, ҚР Президентінің сайлауы, мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында облысымызда  3 мыңнан астам жас белсенді қызмет атқарды. Яғни бұл жастардың еліміздегі саяси өзгерістерге бейжай қарамайтынын, нақ ортасында жүретінін көрсетеді. Мемлекет басшысы тек облыс орталығындағы қалаларда ғана емес, басқа да аудан, шағын қалалардан баспана алу жолдарын жетілдіру қажеттігін айтқан болатын. Осы ретте өңіріміздің жастарына баспана алуға арналған жеңілдетілген жоба керек деп есептеймін, себебі көпшілік жастарда 20% алғашқы жарнаны жинау қиындық тудырады, егер де ол төмендесе, жастардың да үй алу деңгейі артатын еді, – дейді Жансерік Бауыржанұлы.
Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Елімізде қазіргі таңда дәстүрлі жобалар жалғасын тауып келеді, олар «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», тағы басқалар. Тұрақты жұмыспен қамту бағытында жаңадан ашылған кәсіпорындарға жастарды жолдау арқылы шешуге болады. Президент Жолдауда жастарды жұмыспен қамту жайына да тоқталды, яғни жоғары оқу орындарына өңірдегі ірі кәсіпорындармен келісімге келіп, жастарды жұмысқа жолдап, тұрақтап қалуына мүмкіндік жасауды тапсырды.
Елдің ертеңі – жастардың қолында. Яғни елдің ертең гүлденуі  де, бүлінуі де жас ұрпақтың жауапкершілігінде. Мемлекеттің тұтастығын сақтау үшін жастарға уақыттың кез келген сынына дайын болып, бәсекеге төтеп беруге тура келеді. Ол үшін сергек сана, білім, дарын, заман көшінен қалмай жаңа технологияны меңгермек керек…
Т.Зеберханова