КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЕСКЕРТУ: КИБЕРАЛАЯҚТАРДЫҢ АЙЛАСЫНА АЛДАНБАҢЫЗ
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің қаржылық және цифрлық қауіпсіздігіне қатысты маңызды кездесу өтті. Жиын барысында интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері түсіндіріліп, кәсіпкерлерге өз қаражаты мен дербес мәліметтерін қорғау жолдары айтылды.
Бүгінде интернет-алаяқтық қоғамның барлық саласына әсер етіп, кәсіпкерлер үшін де өзекті мәселеге айналып отыр. Алаяқтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, телефон қоңырауларын және түрлі онлайн платформаларды пайдалана отырып, азаматтарды қаржысынан айырудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда.
Осыған байланысты Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде кәсіпкерлерге өңірде жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың негізгі схемалары жан-жақты түсіндірілді.
Жиын барысында сөз алған Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Зухра Амирова кәсіпкерлердің құқықтық және қаржылық қауіпсіздігіне мұқият қараудың маңыздылығына тоқталды.
«Кәсіпкер үшін қаржылық қауіпсіздік – бизнестің тұрақты жұмысының маңызды бөлігі. Қазіргі таңда алаяқтар өздерін банк, полиция, мемлекеттік орган немесе белгілі компаниялардың өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Сондықтан кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарап, жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін және SMS арқылы келетін кодтарды бөгде адамдарға бермеу қажет. Кәсіпкерлерді де, азаматтарды да қаржылық сауаттылықты арттырып, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырамыз», – деді Зухра Амирова.
Кездесуде Түркістан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қуанышбай Жұмаділдаев интернет-алаяқтардың кең тараған әдістеріне тоқталып, олардың әрекет ету тәсілдерін түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерінің бірі – жалған инвестициялық ұсыныстар. Әлеуметтік желілерде белгілі ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, қысқа мерзімде жоғары табыс табуға болады деген жарнамалар таратылады. Алаяқтар азаматтарды арнайы платформаларға тіркеп, ақша салуға үгіттейді. Нәтижесінде қаражат алаяқтардың бақылауындағы шоттарға аударылады.
Сондай-ақ соңғы уақытта криптоинвестицияға байланысты алаяқтық схемалар да кең таралған. Қаскөйлер азаматтарға криптовалюта сатып алып, арнайы биржаларда сауда жасау арқылы мол табыс табуға болатынын айтып, түрлі қосымшалар мен криптовалюта әмияндарын орнатуға көндіреді. Кейін жәбірленушінің цифрлық активтерін өз шоттарына аудартып алады.
Мұндай жағдайда әлеуметтік желілердегі күмәнді инвестициялық және криптоинвестициялық жарнамаларға сенбеу, бейтаныс сілтемелерге өтпеу және қаражат салмас бұрын ұсыныстың заңдылығын мұқият тексеру қажет.
Алаяқтардың тағы бір кең тараған әдісі – «қауіпсіз есепшотқа ақша аудару». Алдымен қаскөйлер пошта, емхана, салық органы немесе курьерлік қызметтің қызметкері ретінде хабарласып, азаматтың телефонына келген SMS-кодты айтуды сұрайды. Артынша өздерін банк, полиция немесе ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған екінші адам қоңырау шалып, азаматтың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуды талап етеді.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай жағдайда телефон арқылы берілген нұсқауларды орындамауға, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және басқа да жеке мәліметтерді ешкімге айтпауға шақырады. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, қажет болса нөмірді бұғаттаған жөн. Алаяқтар бірнеше күн қатарынан әртүрлі нөмірлерден қайта хабарласуы мүмкін.
Кәсіпкерлер мен тұрғындар жиі тап болатын тағы бір схема – тауарды өте үлкен жеңілдікпен ұсынып, алдын ала төлем талап ету. Әлеуметтік желілерде смартфон, тұрмыстық техника, киім-кешек, турпакеттер және басқа да тауарлар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен ұсынылады. Тауарды алу үшін алдын ала төлем жасауды сұрағаннан кейін алаяқтар ақшаны алып, байланысқа шықпай қояды.
Сондықтан нарықтағы қалыпты бағадан тым төмен, әсіресе 40-80 пайыздық жеңілдік ұсынатын күмәнді жарнамаларға сақтықпен қараған жөн. Тауар немесе қызмет көрсетушінің ресми парақшасын, байланыс деректерін және төлем жасау шарттарын тексермей тұрып ақша аудармаған дұрыс.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге интернеттегі кез келген ұсынысқа сын көзбен қарап, асығыс шешім қабылдамау қажеттігі ескертілді. Әсіресе бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудару, күмәнді қосымшаларды орнату, белгісіз сілтемелерге кіру және жеке мәліметтерді беру үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді интернеттегі қаржылық қауіпсіздік талаптарын сақтауға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және кез келген ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Ең бастысы – SMS-кодты, банк картасының деректерін және құпия мәліметтерді ешкімге айтпау, бейтаныс шоттарға ақша аудармау және күмәнді сілтемелерге өтпеу.
Алаяқты анықтауға болады, ал жоғалған қаражатты қайтару әлдеқайда қиын. Сондықтан сақтық – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі.
