КӨКТЕМГІ ӘСКЕРИ ШАҚЫРЫЛЫМ БАРЫСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН 310 ЖІГІТ ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Биылғы 1 наурызда басталған мерзімдік әскери шақыру науқаны Түркістан облысында қызу жүргізілуде. Бұған дейін 31 азамат Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жолданса, енді 50-ге жуық әскерге шақырылушы Қонаев қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігінің десанттық шабуылдау бригадасына аттануға дайын. Ал жалпы бүгінге дейін 310 азамат сарбаз атанды.

Кентау қаласында орналасқан облыстық жинақтау пунктінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаев, Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев, Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер департаменті өкілдері және өзге де комиссия мүшелері сарбаздармен кездесіп, жағдайларымен танысты.

Комиссия мүшелері әскерге шақырылушыларға абыройлы міндетті адал әрі жауапкершілікпен атқару керектігін жеткізді. ҚР Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің Түркістан облысы бойынша филиалы төрағасы Бабай Алдабергенов ізгі тілегін арнап, Отан қорғау жолында азаматтық танытуға шақырды.

Айта кетейік, әскерге шақырылушылар комиссия мүшелерімен әңгімелесуге дейін медициналық, полиграфиялық және психологиялық зерделеулерден өткізіледі. Түркістан облысы бойынша 2023 жылы 2200 азаматты көктемгі әскери шақыру науқанына шақыру жоспарланған.