КӨКТӨБЕ – ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ

Қазығұрт ауданының тумасы, Түлкібас ауданының және Қазығұрт ауданының әкімі, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы әкімінің орынбасары сынды лауазымды қызметтер атқарған, 2016-2021 жылдары алтыншы шақырылымдағы Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты болған Тілләбек Мұсабаев қазіргі уақытта өзінің кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарын дөңгелетіп жүргізуде. «Жәннатүл-Фердауси» қорының төрағасы Әбдіжаппар қажы Сманов, «Көктөбе-Ана бұлақ» шипалы суының иесі, жеке кәсіпкер Тасбалта Керімбайұлы және Тіллекең үшеуі бірігіп, Қақпақ ауылынан Көктөбе таулы аймағына үлкен жол салыпты. Бұл жұмыста негізінен Әбекеңнің техникалары пайдаланылыпты. 2021-жылғы тамыз айының ортасында бастау алған жол салу жұмыстары алдымен Қақпақ ауылынан таудағы «Жәннатүл-Фердауси» демалыс аймағы болатын орынға дейін 11 шақырым жерге қарқынды жүргізіліпті. Сөйтіп, ол жұмыс төрт айда аяқталып, өткен жылғы 16-желтоқсан – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі күнінде ашылып, халықтың пайдалануына табыс етіліп, үлкен ас беріліп, осы өңірде өткен барша әруақтар мен әзіздерге Құран оқылыпты.

Көктөбе тауына өрлей көтерілетін бұралаң, ирек-ирек жолдармен жоғарылап келе жатқанымызда, қауіпсіздік ережелеріне сай жол бойымен су ағар жайлар да бірге салынғанын Тілләбек Мұсабаевпен бірге көріп, куә болдық. Үш кәсіпкердің де негізгі мақсаты біреу, ол ел үшін қызмет етіп, әрқайсысы өз мүмкіндіктеріне қарай Көктөбені демалыс аймағына айналдыру. Расымен де жай ғана тауға шығудың өзі – таза ауасымен көңіл-күйіңді көтеріп, жан-дүниеңді керемет бір рахатқа бөлейтінін бірден-ақ сезіндік. Міне, осындай үлкен тамаша мүмкіндікті тереңнен ойлап, халыққа демалыс аймақтарын салуға ниет еткен үш іскер жанға іштей тілектес болдық.
Бұл төте жолдың іргетасы, ескі сілемі бұрыннан қаланған екен. Оны Тіллекең кешегі кеңес дәуірінде, 1990-1992 жылдары «Қызылтаң» колхозы басқармасының төрағасы қызметін атқарған уақытта қолға алғанға ұқсайды. Одан бері қаншама уақыт өтті. Көліктер тауға қара күз бен қыс мезгілінің ауа райы қолайсыз, ыңғайсыз уақытында мүлдем шыға алмайтын күйге жеткен болатын. Ендігі жерде осы жол жөндеу жұмыстарынан соң көліктерге қыс ауасы мен жаз мезгілі бірдей болып, жауын-шашын мен лайсаң кезде де тасты жолмен жоғары өрлеп кете беретініне көз анық жетіп, көңіл толық сеніп отыр.
Тілләбек Мұсабаев бізге алғаш Әбекеңнің демалыс аймағын салатын орынын көрсетті. Бұл арада нешеме ауруға дауа болатын бұлақ көзі табылыпты. Әрі қарай жол бізді Тасекеңнің «Көктөбе-Ана бұлақ» жайына алып келді. «Жәннатүл-Фердаусиден» нақ осы жайға дейін жол 2,5 шақырым, яғни Қақпақ ауылынан 13,5 шақырым қашықтықты құрайтын көрінеді. 1985-жылы осы Көктөбе суының даңқы шыққан еді. Қақпақтық соғыс және еңбек ардагері, қоғам белсендісі Разақ Әйтенов сол жылы 23-мамырда республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде «Шипалы бұлақ» деген мақала жариялаған болатын. Мақалада осы судың емдік қасиеті бар екені егжей-тегжейлі жазылған-ды. Содан еліміздің төрт тарабынан адамдар Қазығұрт ауданындағы Қақпақ пен Тұрбат ауылына ағылып, шипалы бұлақтан жандарына, ауруларына дәру іздеп топ-тобымен келе бастайды. Сол кезде бір күндері бұлақ көзіне 4-5 мың адам жиналған жағдай да болады. Кеңес дәуірінің саясаты жүріп тұрған уақыт емес пе? Құрығы ұзын билік экологияға қауіп төнуі мүмкін, жұқпалы аурулардың ошағы пайда болуы ықтимал деген сылтаулармен бұлақты бітеп жауып, су ала алмайтындай цементтеп тастайды.
Тілләбек Мұсабаев Қазығұрт ауданына әкім болған (1998-2000) жылдары Тасбалта Керімбайұлы оның қолдауымен «Көктөбе-Ана бұлақ» шипалы суын жалға алады. 1999-жылы шыққан аудан әкімінің №911 шешімінде «10 жылдың ішінде жекеменшікке берілсін» деген жолдар да бар еді. Міне, сондай жағдаймен шипалы бұлақтың иесі болып отырған Тасекең бүгінде 20 демалушыны қабылдайтын жай-орын салғанына куә болдық. Осы арада жол салу жұмысының аяқталғанына байланысты садақа беріліп, әруақтар мен әзіздерге Құран бағышталды. Тіллекең өз есебінен жол салушы азаматтарға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап, кейбіреуіне шапан жапты. Олардың бәрі еңбектерінің бағаланғанына мәз-мәйрам. Хайрулла Қалжанов – «Жәннатүл-Фердауси» демалыс аймағының меңгерушісі, Серік Қалдықожаев – құрылыс бригадирі, Мирсайд Мизропов – сүргіш бульдозерші (Т-130), Есімхан Охатов – жүк тиегіш тракторист-машинист, тіпті Тасбалта Керімбаев пен оның бар еңбегіне жанашырлық танытып, үнемі қолдау білдіріп жүрген Сейілбек Қорабаев та сондай құрметке ие болып, сый-сияпаттан құр қалмады.
Әрі қарай Тіллекең бізді 4 шақырым қашықтықта орналасқан өзінің жекешелендіріп алған жеріне апарды. Мұнда ол Қазығұрт ауданының мектеп оқушылары демалуға, ем алуға арналған санаторий типтес лагерь тұрағын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Балалар бұл жерде бірінші – таудың таза ауасымен, екінші – «Көктөбе-Ана бұлақ» шипалы суымен, үшінші – саумалмен, төртінші – әр түрлі спорт ойындарымен, бесінші – атқа мініп серуендеумен, алтыншы – қымызбен емдеп демалуға жағдай жасаймыз», – деді ол. Қақпақтан бұл жер 17,5 шақырым жолды құрайды. Ал, Көктөбе арқылы өтетін Қақпақ-Тұрбат төте жолының бас-аяғы 27,5 шақырым екен.
«Жәннатүл-Фердауси» қорының төрағасы Әбдіжаппар Смановтың айтуына қарағанда, исламдағы ең үлкен сауап – жол салу, көпір салу. Міне, осындай сауап істі Әбекең, Тасекең және Тіллекең үшеуі атқарып шықты. Жол құрылысы 1-маусымда толық аяқталды. «Жәннатүл-Фердауси» демалыс аймағы – негізінен Қазақстан мүфтиятының, барлық мешіт-медреселерінің имамдары, ұстаздары және үлкен-кіші лауазымды қызметкерлерінің демалуына арналады. Олар саумал ішеді және атқа мініп серуендейді.

Қ.ЕРГӨБЕКОВ.