ХАЛЫҚ СЕНІМІ – НЕГІЗГІ МІНДЕТ
Отырар аудандық мәслихатының депутаты Ардақ Амзеевтің 2023–2025 жылдары атқарған жұмыстары
Отырар аудандық мәслихатының депутаты Ардақ Амзеев сайланған күннен бастап өзіне жүктелген халық сенімін ақтау жолында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Депутат тұрғындардан түскен ұсыныс-тілектерді назарға ала отырып, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және коммуналдық салаларда бірқатар маңызды жобалардың іске асуына тікелей ықпал етті.
2023 жыл: Инфрақұрылымға және әлеуметтік салаларға басымдық
2023 жылы депутаттың бастамасымен Темір ауылындағы Жаңа тұрғын алабының инженерлік-коммуникациялық жүйелерін (электр желісі) салуға республикалық бюджеттен 418 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 2 шақырымнан астам ішкі жолдарға асфальт және тас төсеу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, М.Құлымбетов, Теріскей және Теріскей-Орам көшелері жөндеуден өтті.
Ауылдың әлеуметтік келбетін жақсарту бағытында депутат жеке қаражаты мен меценат азаматтарды тарту арқылы шамамен 18 млн теңге қаржы бағыттады. Нәтижесінде:
•Балалар ойын және спорт алаңшалары салынды;
•Темір орта мектебінің спорт залы жөнделді;
•Мектептің 120 метр жылу жүйесі қапталды;
•Балабақшаларға қажетті жабдықтар мен ойыншықтар алынды.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға нақты көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылды.
2024 жыл: Ауылдарды абаттандыру және газдандыру
2024 жылы депутаттың ықпалымен округ елді мекендерінде жарықтандыру, жол жөндеу, абаттандыру және газбен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда:
•81,3 млн теңгеге 5 жоба іске асырылып, 3425 метр ішкі жол жөнделді;
•54 млн теңгеге 6 жоба аясында ауыл көшелері мен саябақтары жарықтандырылды;
•Темір ауылында жобаға енбей қалған 32 тұрғын үйге табиғи газ жеткізіліп, мәселе толық шешілді.
Сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңдары салынып, балабақшаларға демеушілік көрсетілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы әлеуметтік бастамаларға да белсенді қолдау берілді.
2025 жыл: Жолдар, абаттандыру және коммуналдық инфрақұрылым
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша депутат:
•25 млн теңгеге 4 жоба жүзеге асырып, 1725 метр жол жөндеді;
•147,4 млн теңгеге 2 жоба арқылы елді мекендер абаттандырылып, жарықтандырылды;
•Қарақоңыр және Отырабат елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне 145,6 млн теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Темір және Қарғалы ауылдары арасындағы ПС-35/10 электр қосалқы станциясын жөндеу. Жобаның құны 35,3 млн теңге, жұмыстар 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы жоспарланған. Осы кезеңде депутат 23 депутаттық сауал жолдап, оның 6-уы орындалу сатысында.
Қоғаммен байланыс және ашықтық
Ардақ Амзеев тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, нақты мәселелердің шешілуіне басымдық береді. Сырттан негізсіз шағымдар мен жалған ақпараттарға қарамастан, ауыл тұрғындарының басым бөлігі депутат еңбегін жоғары бағалап отыр.
Қайырымдылық және балаларға қолдау
С.Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде Жаңа жыл мерекесіне орай депутаттың демеушілігімен әртүрлі санаттағы 20 оқушыға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Іс-шара барысында балаларға тәттілер мен мерекелік сыйлықтар беріліп, мерекелік атмосфера қалыптасты.
Балалардың қуанышын еселеп, жас ұрпаққа жанашырлық танытқан Ардақ Амзеевке алғыс білдіреміз. Осындай қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да жалғасады деп күтілуде. Депутаттың қолдауымен ұйымдастырылған бұл шаралар мектеп оқушыларының рухани дамуы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.
