ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ БОЙЫНША ШЫМКЕНТ ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТКЕ КӨШТІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен онлайн форматтағы жиында қалада қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды.
Жиын барысында пандемияға қарсы құрылған қалалық жедел штабының атқарып жатқан жұмыстары туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан баяндады.
Шыңғыс Жұмабекұлы пандемияға байланысты қалыптасып отырған ахуал күрделі екендігін айтты. Әлем елдерінің барлығында індет таралуы қарқын алған. Бүгіннің өзінде елімізде 10 өңір індет жұқтырған адамдардың тіркелімі бойынша қызыл аймаққа өткен. Осы күнге дейін елімізде COVID-19 дертімен ауырған 448 мың адам анықталса, оның 408 мыңнан астамы емделіп шыққан.
Шымкент қаласында жыл басынан бері коронавирус инфекциясымен ауырған 8931 адам тіркелген, оның ішінде 7448-і аурудан айығып шыққан. Соңғы тәулікте ауру тіркелімі 210 жағдай болып, ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
Ауру жұқтырғандармен байланыста болған 2061 адам анықталып, дәрігерлік қадағалауда болған. 737 адам үй бақылауында болып, 664 адам станционарлық күтімге алынған.
Ауру жұқтырғандардың өсім динамикасы сонғы екі апта ішінде 943 жағдайға жеткен.
Қалада 45 вакцина егу бекеттері ашылып, вакцинаның І компонентін 303364 адам алса, бұл тұрғындардың вакцина алатын контингентінің 56 пайызын құрайды. Вакцинаның ІІ компоненті 183651 адамға егілсе, бұл көрсеткіш белгіленген контингенттің 30 пайызы болып отыр.
Эпидемиологиялық ахуалдың қалыптасу динамикасын жіті талдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов, індет шарықтау шегіне жақындап қалғандығына назар аударды. Медициналық ұйымдар мен сала жетекшілері бақылауды күшейтіп, белгіленген алгоритм бойынша жедел іс-қимыл жасауға көшу керектігін айтты. Қаладағы медициналық ұйымдар мен персоналдары осы күнге дейін індетке қарсы тұру тәжірибесін жинақтағандығын, ауруханалар мен емханалар қажетті дәрі-дәрмек қорымен, медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылғандығын атап өтті.
Жауапты тұлғалар мен медициналық ұйымдар жетекшілерінің хабарламаларын тыңдаған қала басшысы, соңғы тәуліктерде тіркелген аурудың күрт өсіміне байланысты, қаланың медициналық ұйымдарында реанимациялық төсек орындар санын екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берді. №2 қалалық көпсалалы аруханада ковид белгілері бар науқастарға арналған 250 төсек орын дайындауды жүктеді. Осы ұйымға қарасты перинаталдық орталықта жүкті әйелдерге арналған қосымша 30 төсек орны дайындалуы керектігін айтты.
Сала жетекшілеріне жедел жәрдем бригадаларының жұмысын аумақтарға бөліп, бекіту арқылы тұрғындардан түскен шақыртуларға тез жетуін ұйымдастыруды бақылауда ұстауды тапсырды. Медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімшелеріне науқастарды алып келген жедел-жәрдем бригадаларын 5 минуттан артық ұстап тұруға болмайтыны жөнінде тәртіп енгізу керектігін ескертті.
Медициналық ұйымдардың медициналық препараттар және қорғаныс құралдарымен, өкпе тыныс алу аппараттарымен, кислород балллондарымен, дизельді генераторлармен, тағы басқа жабдықтармен қамтылуын толық бақылауда ұстап, кислород толтыру цехтарымен жүйелі жұмыстар атқаруды міндеттеді.
Қала бойынша мобильді және мониторингтік топтар санын көбейту керектігін айтып, карантин талаптарын өрескел бұзып, халықтың көптеп шоғырлануына жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жауапкершілік шараларын қатайту мәселесін қарастыруды тапсырды.
Жиын барысында кәсіпкерлік субъектілерінің «Ashyq» жобасына қатысу көрсеткіші төмен екендігі назарға алынды. Қала бойынша осы жобаға бүгінгі күнге дейін 764 бизнес субъектілері ғана қосылған. Осы ұйымдарға келушілер арасынан 157 адам — «сары», 66 адам — «қызыл» статусы бар екендігі анықталған. Бұл көрсеткіштер өте төмен екендігі, қала көлеміндегі ахуалды толық көрсете алмайтындығы айтылды. Аудан әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалымен бірлесе жобаның тиімділігін түсіндіруге арналған ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.