ЕКІ ТЕҢІЗ БІР ҚАЛА
Түркияға сапар Ыстамбұл қаласынан басталды. Астана және Алматы қаласынан екі топ болып шыққан біздер таңғы уақытта аман-есен қондық. Ұйымдастырушы «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы бір аптаға жуық бізге «қорған» болды. Тіпті сол кісінің бала-шағасы секілді жүрдік. Таңғы асты ішіп болған соң, уақытты босқа құртпай бірден қаланы аралауға кірістік. Трамваймен жүрсең арзан әрі баратын жерге тез барасың. Istambul карта алдық, ол көп нәрсеге жарайды. Алдымен жер астындағы Базилик су қоймасымен таныстық. Тамшылатып ауыз су жинаған бұл ғажайып су қоймасындағы 336 мәрмәр бағана, мәрмәр Горгон медузаның басы неге теріс орнатылғаны, қайдан әкелінгені әлі күнге дейін беймәлім. Одан әрі Айя-София, Сұлтан Ахмет мешіттерін, Осман сұлтандарының (Топкапы) резиденциясын аралап болғанша сағат тілі 14:30 болды. Түскі ас мәрмәр теңізінің жағасында түрлі балық жеумен өтті. Одан кейін Мәрмәр теңізінің үстімен пароммен екі бағытқа жүріп өтті. Керемет көрініс, күшті сезім. Жергілікті тұрғындар оны көлік ретінде пайдаланады. Солай бір күн Ыстамбұлда тез өте шықты.
Екінші күні таңертең шағын автобуспен Балыкесир қаласына жолға шықтық. Ыстамбұл қаласымен ара қашықтығы шамамен 400 шақырым. Жолдары тақтайдай теп-тегіс. Шопыр жігіттері ақ көйлек киіп алған, тура бір бастық сияқты. Жол бойы әңгіме айтып, дос болып кеттік. Барар жерге жетіп, қонақ үйге орналасып болған соң жергілікті әкімдіктің өкілдері және Балыкесир қаласының журналистер одағының төрағасы Рамазан бей бастаған әріптестер жылы күтіп алды. Қазақтар етті көп жейтінін біліп, қозы етінен дайындалған ұлттық тағамдарына алып барды.
Тақырыпта жазғаным туралы енді айта кетсем. «Екі теңіз бір қала» деп осы Балыкесир қаласына қатысты айтылған тіркес. Себебі шаһардың бір жағында Мәрмәр, бір жағында Эгей теңізі. Сондай-ақ қала туралы «Қан ексең, жан шығатын» жер деп те атайды екен. Оның себебі жерінің шұрайлылығы және ауыл шаруашылығы қатты дамығаны деп түсіндім. Мұнда зәйтүн ағашын өсіру оны өндіру әлем бойынша алдынғы қатарда дамыған. Шатаспасам Италья, Испаниядан соң үшінші орында.
Ертесіне Балыкесир қаласының әкімі Южель Йылмаз мырзамен кездестік. Қызығы Түріктік бұл шаһары Шымкентпен бауырлас қала екен. Оны сол жерде білдім.
Төртінші күні Балыкесир провинциясына қарасты Эдремит қаласында болдық. Сол күні теңіз өнімдері жақсы дамыған Айвалык қаласына барып, Джунда аралында «морепродуктыдан» дәм таттық. Соңғы күнгі сапар Чанаккале қаласына болды. Әйгілі Троя соғысы болған жер. «Троя» киносын тамашалағандар болса фильдегі ат мүсінді бірден түсінеді. Қалада тұрған сол ат мүсін фильге түсірілген оригиналы екен. Үйге апарар жол Ыстамбұл арқылы болған соң түске қарай жолға шықтық.
Соңында айтарым біздің топ басшымыз болған, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызына, Балыкесир қаласының әкімдігіне алғыс білдіремін. Одан бөлек еліміздің әр өңірінен келген әріптесге рақмет айтамын. Бір аптадай уақыт ішінде жақын аралас-құралас болып, дос болдық. Сапардың танымдық пайдасы көп болды. Қаншама тарихи жерлерді өз көзімізбен көріп қайттық! Алдағы уақытта Нәзия апайымыз бастаған сапарлар көп болсын деп тілеймін!
Түркітілдес журналистер қорының мүшесі Дастан Асқарұлы.