Балалар әдебиеті туралы 

Балалар әдебиеті — әдебиетіміздің өскелең бір саласы. Оның өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген ол ХІХ ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. Балалар әдебиеті тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды.

Балалар әдебиетінде оптимизм басым. Сары уайым, қайғы шер атымен кездеспейді. Бала біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы болғандықтан, олар егеменді ел құрылысына қажырлы күш жұмсайды. Балалар әдебиетіндегі басты қасиеттердің бірі оларды осындай ер жүрек, өз отанының патриоты, ардагері болуға жетелейтін, өнеге беретін батыр, адал адамдардың образын жасау.

Балалар әдебиеті шығармаларының ықпалы, тәрбиелік күші жаңымды кейіпкерлер образын жасау проблемасына байланысты шешіледі. Жақсыны үлгі етіп көрсету, ардагер адамдардың отаны, халқы алдындағы қызметін суреттеу, солардың типтік образдарын жасап білу жас өспірімдердің еліктеуіне, солардай болуына талпынуына жол ашады.

«Өнер алды қызыл тіл» деп Абай атамыз айтқандай, балалар әдебиетіндегі басты проблемалардың бір түрі – осы тіл. Балалар жазушысы әдеби тілге шешен болумен қатар, оған өте ұқыптықарауға тиіс. Балаларға арналған шығармалардың тілі, ең алдымен, өзінің ана тілін жетік білуге, сөздік қорын байытуға, жүйелі түрде қисынды сөйлеуге, әсіресе, ана тілін сүйе білуге баулитын көркем құрал болуға тиісті. Әрбір сөз өз орнында өз қызметін атқара тұрып, баланың уылжыған жас жанына қозғау салып, сұлу суреттерімен эстетикалық күшті күшті әсер ететіндей болуы керек.

Балаларға арналған өлеңдер ойнақы, жинақты, тілі баланың өз ойындай мөлдір де тұнық, қызықты да қарапайым болуы шарт.

1920 жылдардан кейін қазақ балалар әдебиеті жөнінде де сыншылар мен зерттеушілер, ғалымдар мен ақын-жазушылар және мұғалімдердің ықыласы ерекше болды. Балалар әдебиетінің ерекшеліктері жайында әр кезде алуан пікірлер айтылды. Бұл ретте

С. Сейфуллиннің, І. Жансүгіровтің, М.Әуезовтің, С. Ерубаевтың, С. Мұқановтың еңбектерін атап өтуге тиіспіз.

С. Сейфуллин өзінің «Жұмбақ айтысу», «Жаңылтпаш», «Балалар ойыны», «Жастық ойын, күлкі өлең тақпақтары» деген еңбектерінде бастан аяқ балалар ауыз әдебиетіне тән мұраларға ғылыми талдаулар жасаған.

І. Жансүгіров 1927жылы жарық көрген «Өтірік» атты жинаққа жазған алғы сөзінде: «Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады» — деп түйіндеген.

М. Әуезовтің «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» деген ғылыми еңбектерінде балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалар екенін дәлелдеді.

Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда «бала» деп атап жүрген жас жеткіншектердің өз араларында үлкен өзгешеліктер бар. Мәселен, бес жастағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғымы, дүниеге көзқарасы бірдей еместігі мәлім. Соған орай балалар әдебиеті өз ішінде бірнеше салаға жіктеледі.

Мектепке дейінгі балалар әдебиеті

Мектеп жасына дейінгі балдырғандар шын мағынасындағы оқырмандар емес, олар – тек тыңдаушылар, көрушілер ғана. Оларға арналған шығармалар қысқа да ықшам жазылған суретті кітапшалар түрінде беріледі. Бұл жастағы балдырғандарға арналған шығармалардың тақырыбы көбінесе табиғат әлемінен, өзін қоршаған, күнде көріп жүрген оқиғалардан алынады. Тілі жеңіл, сөзі ойнақы келеді. «Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп бес саусақты санату, таныту, тағы сол сияқты баланы ойната отырып күлдіру, күлдіре отырып өмірге үйрету жағы көзделеді.Немесе:

Ал білек,ал білек,

Балдырған, бал білек

Аулың толы мал,білек.

Атқа тоқым сал, білек,

Отан тілін ал, білек,

Мал ішіне бар, білек,-

Деген сияқты ойнақы болып келеді. Оның жатталуы да қиын емес. Бұл жаста әсіресе өлең сөздер айрықша әсер етеді.Өйткені олар есіткенін жаттап алуға әуес.

Бастауыш сынып оқушыларына арналған әдебиет.

Бұл жеті мен он жастың арасын қамтиды. Бастауыш мектеп оқушылары бұл кезде мектеп жасына дейінгі балаларға қарағанда едәуір білімді, тәжірибелі болады. География мен табиғат танудан алғашқы мәлімет алады. Отанымыздың бастан кешірген дәуірлері жайында: тарих пен есепті, әдеби кітапшаларды оқи бастайды. Поэзия шығармалары, хайуанаттар жайындағы әңгімелер, ертегілермен қатар, енді қиял-ғажайып салт ертегілерді және күлдіргі ертегілерге көбірек көңіл бөледі. Әсіресе, Алдаркөсе мен тазшалар бейнесі, солардың тапқырлығы мен ақыл-айласы бұл жастағы балаларды таң-тамаша етеді.Бұл жастағы балалар үшін өін қоршаған орта жайлы , табиғат ғажайыптары жайлы, олардың әр алуан тілектерін, сұрақтарына жауап берерліктей болады.

Орталау мектеп оқушыларына арналған әдебиет.

Балалар әдебиетінің бұл сатысы он бір мен он төрт жас арасын (V – ІХ оқушыларын) қамтиды. Сегіз жылдық мектеп оқушылары кітапшалармен үздіксіз байланыс жасап тұрады, өте көп оқиды. Үлкен кісілерге еліктеп, өздеріне лайық мамандық іздеуді арман ете бастайды.

Бұл жастағы балалар көбінесе ғылыми – фантастиаклық кітаптар мен саяхатшылар жайындағы және шытырманды оқиғаларға құрылған кітаптарды оқуға құмартады.

Жоғары сынып оқушыларына арналған әдебиет.

ІХ – ХІ сынып оқушылары өткінші шақтантан өтіп, кәмелеттік дәрежеге жетеді. Сондықтан да 15 пен 17 жастың арасындағы жас өспірімдер көбінесе үлкендер оқитын шығармаларға әуес келеді. Жоғары сынып оқушылары өздері оқып жүрген сан алуан пәндер төңірегінде сабаққа пайдасы тиетін кітаптарды іздестіреді. Мұғалім оларға қандай кітапты оқу керектігі жөнінде ақыл береді. Әр оқушының ұнататын пәні болады. Сол негізде олар мамандық таңдайды.