ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия Пара ойындарында Қазақстаннан 131 спортшы 14 спорт түрінен бақ сынады. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Түркістан өңірінің спортшылары елге жүлдемен оралды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Азия Пара ойындарында ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген спортшылармен кездесіп, сый-құрмет көрсетті. Жеңімпаздармен пікірлесіп, алғысын білдірді.
– Сіздерге Түркістан жұртшылығы атынан және жеке өзімнің атымнан шексіз алғысымды білдіремін. Сіздермен мақтанамыз, жастарға айтып жүреміз. Мәдениет саласындағы болсын, спорт саласындағы болсын, жетістік – еліміздің еңсесін, облысымыздың рухын көтереді. Байрақты сайыста өздеріңізді көрсеттіңіздер. Ол біз үшін үлкен мәртебе. Түркістанда спорт саласын дамытуға басымдық берілуде. Жаңадан салынған стадион, теннис орталығы,«Мұз сарайы» сияқты түрлі бағыттағы спорт нысандары елге қызмет етіп жатыр. Бұдан да басқа спорт ғимараттарының құрылыстары жалғасуда. Осында тәрбиеленген жастарымыз әлемдік додаларда ел абыройын көтереді деп сенемін. Сіздер өз салаларыңыз бойынша өңірдің дамуына еңбек сіңіріп келесіздер. Отаншыл мінездеріңіз бен шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Сіздердің өнегелі істеріңіз жастар, қоғам үшін үлгі. Сіздерге қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Басқосуда облыс басшысы жеңімпаздарға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің төсбелгілерін тағып, Алғыс хаттарды табыстады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен каратэден Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Мелдеханов Нұрмахан марапатталды. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «Сауран» мүгедектер мектебінің директоры Қазиев Абай марапатталды.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің Алғыс хатымен байдарка мен каноэде есуден Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ковалева Ольга мен байдарка мен каноэде есуден Қазақстан Республикасының жоғары санатты жаттықтырушысы Кеңесов Еркебұлан марапатталды.
Облыс әкімінің Грамотасымен бокстан ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Айтжанов Мырзағали мен параканоэден ҚР-ның жоғары санатты жаттықтырушысы Иванов Геннадий марапатталды.
Азия және Азия Пара ойындарында орын алған спортшыларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтсақ, параканоэдан ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, параканоэдан ҚР 3 дүркін чемпионы, Азия Пара ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Спатай Бибарыс, жеңіл атлетикадан ҚР-ның чемпионатының жеңімпазы, Азия Пара ойындарының қатысушысы Айтмырзаев Мұқан, параканоэден Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері Тайкенов Жалғас, параканоэден Азия Пара ойындарының қола жүлдегері Балтабаева Жаңыл, Азия Пара ойындарының қатысушысы Дайырбек Темірхан, байдаркада есуден Азия ойындарының күміс жүлдегері Шмелева Ольга, каноэде есуден Азия ойындарының күміс жүлдегері Киселева Ульяна, бокстан Азия ойындарының қола жүлдегері Тоғамбай Сағындық марапатқа ие болды.