ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ПРОБЛЕМАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

2023 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған халыққа есеп беруін қорытындылаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалаларға жұмыс сапарын жалғастырды. Кентау қаласына іссапарымен келген облыс әкімі проблемалық нысандарды аралады. Сапар барысында өзекті мәселелер ашық талқыланып, шешу жолдары қаралды. Күрделенген мәселелер бойынша облыс басшысы жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімі Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Ә.Науаи атындағы №17 жалпы орта мектебінің жай-күйімен танысты. 1958 жылы салынған ғимаратына күрделі жөндеу қажет. Мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу соңғы рет 2009 жылы жасалған. Мектептің шатыры мен жылу жүйелерінің тозығы жеткен. Облыс басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстарды бастауды тапсырды. Және ол оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс.

2023 жылы Түркістан облысында 29 мектепің құрылыс жұмыстары басталып келер жылы пайдалануға беріледі. 2024 жылы 34 мектептің құрылыс жұмыстары басталып, 2025 жылы пайдалануға берілуі жоспарлануда.

Сонымен бірге «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің іс-шара жоспары бекітіліп, жаңа мектеп салу үшін тиісті құжаттар ұсынылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 60 мыңдай оқу заманауи білім ошақтарында оқуға мүмкіндік алады.