Бес-алты шелек алмадан басталған бизнес

Кәсібін бірізге қойып, шаруасын дөңгелетіп жүрген жандар арамызда аз емес. Әрқайсының өз жолы, өзіндік ұстанымы бар.Қызмет көрсету саласында жүргеннің бәрін бірдей адалдыққа бас ұрып, тұтынушының талабымен толық санасады дей алмаймыз. Өз мүддесінен өзгені көрмейтіндер көп. Дегенмен, екіжақты бірдей ойлап, таразы басын тең түсіріп, өзінің де, өзгенің де ұтылмауын дұрыс жолға қоятын кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі – «Кереге» жарнама өндірістік фирмасының басшысы Ниязбек Қалымбетов. Ол басқарып отырған ұжым шығаратын бұйымдар сапасымен ғана емес, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Қолтаңба болғанда – қазақы қолтаңба. Кәсіпкерлік жолында көпке үлгі етіп, өнеге тұтатын тұстары жетерлік. Беймәлім нарық заманы кимелеген тұсқа балалық шағы тап келген кәсіпкердің бизнеске деген қызығушылығы бала кезден басталған. Алғашқы сауалымызға жауап та балалық шаққа саяхаттан басталды.

МАЛ БАҒЫП ЖҮРІП, ЖОЛАУШЫЛАРҒА АЛМА САТУШЫ ЕДІМ…

– Туып-өскен жерім – Ордабасы ауданы, Сыпатаев ауылы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан, ары-бері ағылып жатқан көлік көп. Жолдың дәл жиегінде алма бау бар болатын. Мал бағып жүріп, сол баудың алмасын теріп жейтінмін. Бір күні мен жеп жүрген алманы көлікпен әрлі-берлі қатынап жатқан жолаушылар да жегісі келеді ғой деген ой сарт ете қалды. Сөйтіп, жолдың жиегіне бес-алты шелек алма қойып, сата бастадым.

–Істің көзін таптым десеңізші…

Баламыз ғой. Бастауыш сыныпта оқитынмын. Сол себепті олай ойлай қойғаным жоқ. Бірақ, шелектегі алмаларымды сатып алып жатқанда қуанатынмын. Алманы күн ысып, қойларым көлеңке іздеп кеткен мезетте теріп аламын. Ал 10-11-сыныпты Тараз қаласында нағашыларымның қолында оқыдым. Қарап жүрмей, дүңгіршекте сатушы болдым. Студенттік ғұмырда да қарап қалмадым. Бір досыммен бірігіп  кафе ашып, соны жүргізіп отырдық. Міне, бизнеске деген әрекет осылай басталды.

Біз жетістікке жеткен жанның жеңісін ғана көреміз. Бірақ сол мақсатқа апарар жолда кездескен қиындықтар, ондағы бағыт-бағдар, төгілген тер мен еңбектің жай-жапсарына бара бермейміз. Бәрі де аяқ астынан бола салғандай көрінеді. Ал шын мәнісінде олай емес.  Осы жағдайға жеткенге дейінгі жолыңызды еске ала отырсаңыз.

– Жоғары оқу орнында экономика және есепші мамандығын бітірген соң, «Жебе» баспаханасына жұмысқа бардым.Бұл өзі алғаш жаңа техникалық жабдықтармен «Алдар көсе» сынды мультфильмдер жасап, тұңғыш республикаға таралған қазақша сканворд газеттер шығарған  шығармашыл ұжым болатын. Мұнда мені Керімбек Ниязбаев, Жарқынбек Төлтебай сынды ағалар қарсы алды. Менің нағыз қазақы көзқарасымның қалыптасуына осы азаматтар түрткі болды. Көп нәрсе үйрендім. Кәсіпкерлік жолды бірге бастап, бірге жетістікке жетіп келе жатқан Ербол Дайрашов досымды да осында кездестірдім.

Ербол – дизайнер, ал мен – есепші және ұйымдастырушы ем. Екеуміз көп шүйіркелесіп, сансыз идея түзетінбіз. Бірде  қымыз ішіп отырып, жаңа жоба жасадық. «А» және «Б» деп жоспарын сыздық. «Егер «А» нұсқасы іске аспаса, «Б» нұсқасына көшеміз» деп келісіп те алдық. Бұл ойымызды басшылыққа айтып едік, қолдай кетті. Содан екеуміз екі жүз мың теңге несие алып, іске кірістік. Үш жылға жоспарлаған «А» нұсқасы небәрі сегіз айдың ішінде орындалды. «Б» жобасына ойысу ойымызға да келмеді. Тірлігіміз тез дөңгелеп, алғаш «Әсел» базарында кішкентай ғана бутикті арендаға алып бастаған жұмысымыз орташа ғимаратқа ауысты. Ашқанымыз жарнама агенттігі болды.

ҚАНАТЫМЫЗДЫ КЕҢ СЕРПІГЕН СОҢ, ЕКЕУМІЗ ЕКІ ЖАҚҚА КЕТТІК

 – Қатар шапқан қос тұлпарды көргендей сүйсініп отырмын. Ширақ қимылдарыңыздың сыры неде?

– Көңілдің түкпірін тең көрдік. Жарнама бөлімінің атын өз есіміміздің алдыңғы буынын алып, біріктіріп, «Ернияз» деп қоюымыздың өзі осыны аңғартса керек. Одан бөлек, кіріс-шығыстың бәрі мұқият есептеулі болды. Ал жұмыс барысына келсек, алғашқы кезекте жоғары, орта оқу ордалары, мектеп қабырғаларындағы көрнекіліктерді ұлттық бағытта безендіруді қолға алдық. Осылай өнімдерімізге сұраныс көбейіп, қасымызға көмекші қостық. Мұнымен де тоқтап қалмай, тірлігіміздің ауқымын кеңейте түстік. Енді бізге жан-жақтан тапсырыс түскенге байланысты түрлі мамандық иелері қажет бола бастады. Сөйтіп, бес жыл ішінде қатарымыз он тоғыз адамға жетті.

– «Бизнесте достық жоқ» деп жатады. Ортаға ақша түскен соң, арада келіспеушілік орнап, көңілге кірбің түспеді ме?..

– Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Бір-бірімізге реніш артып, қырғи қабақ танытқан сәтіміз болған жоқ. Бірақ қанатымызды кең серпіген соң, бөлінуге бел будық. Алдымен, сынақ ретінде екі жыл «Ернияз-2» деп ісімді өзім жүргізіп көрдім. Бәрі жақсы жүріп кетті. Арамызда бәсекелестік орнап, тапсырыс кеміп қалған жоқ. Керісінше,сұраныс көбейді. Адам саны да артты. Екі жақты қосқанда, отызға жеттік. Клиенттер жарнама атын шатастыра бастағандықтан, алда жүрген ағалар мен достармен ақылдасып, «Кереге» деп жаңа ат қойдық. Осылай өз ісімді дамыта түсіп, үлкен ғимарат соғып, биыл сонда көштік.

ЖАС БУЫН ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ БОЙЫН ТІКТЕСЕ ДЕЙМІН

– Құтты болсын! Бүгінде жаңа ғимаратқа ауысқан «Кереге» тұтынушыларына қандай өнімдер ұсынуда?

– Шымкент қаласындағы балабақшалардың шамада жетпіз пайызы біздің өнімдерімізді тұтынуда. Тауардың ерекшелігі – қабырғада ілінетін көрнекіліктер ұлттық нақышта жасалып, қазақ ертегілері көрініс табады. Суретші ағаларыммен арнайы ақылдасып, бұлай әрекет етуімнің себебі – болмысы қалыптасып келе жатқан әр қазақ баласы ұлттық тәрбиеде бойын тіктесе деймін. Көрнекіліктерден бөлек, баланың қызығушылығын арттыру мақсатында тастан қашап, аюдың бал құйып, қоянның сәбіз жеп жатқаны секілді түрлі мүсіндерді жасап жатырмыз.

Біздің байланыс тек балабақша, мектеп қабырғалары, жоғары оқу орындарымен ғана шектелмейді. Мемлекеттік мекемелердің де тапсырыстарын (баннер, билборд т.б.) қабылдаймыз. Сонымен қатар, арнайы сертификат алып, Мемлекеттік Рәміздерді жасап жатқанымызды айрықша атап өткім келеді. Жалпы, әрбір әрекетіміз еліміздің даму бағытына байланысты икемделеді. Мәселен, дәл қазір өнімдерімізді рухани жаңғыру мен Шымкент қаласының мәдени қала статусына ие болу мақсатындағы бағдарламасына сәйкес шығарып жатырмыз. Алғашқы қадамдарымыздың бірі – тас мүсін (Алтын адам, құмыра, т.б.) арқылы тарихымызды сөйлету. Ең бірінші тапсырыс Түлкібас ауданынан түсіп, орындадық. Өзіміздің де, тапсырыс берген кісілердің де көңілінен шықты. Бұл жобамыз өз жемісін беріп, іске асады деп ойлаймын.

«ҚАЗАҚТЫҢ ЖІГІТТЕРІ ЖАЛҚАУ» ДЕГЕН СӨЗБЕН КЕЛІСПЕЙМІН

– Кәсіпкерлікті  баспалдақ салудан бастап, аз уақыт ішінде адымдап көтерілгеніңізді көріп отырмын. Қарқыны қатты басшы ретінде жұмысшыларыңызға тым талапшыл емессіз бе?…

– Басшы ұғымын креслода отыру немесе жұмысшыларға төбесінен қарап бұйрық беру емес, тығырыққа тірелген сәттерде жол тауып, жөн сілтеп, қиындықтан шығару деп түсінем. Осындай кездерде ғана бастық екенімді сезініп, ал қалған уақытта қол астымдағы кісілермен тығыз қарым-қатынаста болып, бірге жұмыс жасағанды құп көрем.

– Бизнес жолы болғандықтан, сананы оятып, түртіп тұру процесі тоқтаусыз жүреді. Ұжымның көңілін қалай сергітесіз?

– Киноға апарып тұрамын. Рухани байлық сыйлайтын іс-шаралардан, концерттерден қалдырмауға тырысам. Тауға да жиі саяхаттаймыз. Арамызда оны ұйымдастыратын арнайы бір қызметкеріміз бар. Егер біз бір мерекені ұмытып бара жатсақ, еске салып тұрады (күліп).

– Яғни, сізге тың идея рухани демалыс кезінде келетін сияқты ғой?..

– Түрлі идея ұзақ сапар шегіп бара жатып, жол үстінде ойыма келеді. Бірақ оның бәрі іске аса бермейді. Алдымен санаға салып саралап, салмақтаймын. Егер жасауға тұрарлық тірлік болса, бел шешіп кірісемін.

–  Өзімізді жалқау, өзгелерді ширақ көріп, «қазақтың жігіттері істің көзін таба алмайды» деген сөзді көп естиміз. Келісесіз бе?

– Келіспеймін. Мен көріп жүрген достарымның бәрі – өз ісінің білікті маманы. Дөңгелетіп жүрген тірлігін көрсең, таңдай қағып, тамсанасың.

ӘРБІР ЕР АЗАМАТ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫ ӨЗ ОТБАСЫНАН БАСТАУ КЕРЕК

Рухы биік, тірлігі тынымды азаматтардың билікке барғанын жақсы көреміз. Алдағы уақытта сізді мемлекеттік қызметтен көруіміз мүмкін бе?…

– Кәсіпке байланысты үлкен жобаларым бар. Бүгінде алға қойған мақсаттарымның жетегінде жүрмін. Сол себепті мемлекеттік жұмысқа баруды тіпті ойланып та көрмеппін.

– Билікке барып, қатып қалған кейбір келеңсіз заңдылықтарды бұзуды ойламағаныңызбен, қоғам ішінде жүріп, өзгерткіңіз келетін жайттар бар шығар?

– Ербол Дайраш, Әбдіраззақ Жанбусин сынды достарыммен тамақтану орындарына барған кезде, бірден ас мәзіріне мән береміз. Өзге тілде жазулы тұрса, келесіде қазақша жазылуын талап етеміз. Әр қазақ осылай етсе, мемлекеттік тілдің мәселесі шешілер еді. Тізе берсем, мұндай жайттар өте көп. Олардың бәрін айтып, мақтанудың қажеті жоқ. Өйткені үшеуміз бүкіл қоғамның санасын сілкіп, қалың ұйқыдан оята алмайтынымыз анық. Бұл әрекетті әрбір ер азамат өз отбасынан талап етіп, ұлттық рухты ұрпағының бойына сіңіру керек. Сонда ғана қаны тулаған қазақтың өр рухы қайта көтеріледі.

Өмірде не ұтып, неден ұтылып жүрсіз?

– Сұхбат барысында ұтып жүрген тұстарымның бірсыпырасын айттым. Ұтылыс жайлы айтсақ, уақытты кейде дұрыс пайдалана алмай жатқандай болам. Мәселен, жылдық жоспар бойынша айына бір кітап оқу бекітілген еді. Ал мен үш айдан бері бір кітапты әлі оқудамын.

КОЛХОЗ БАСТЫҒЫ БОЛА ТҰРА, АТАМНЫҢ ҚОРАДАҒЫ МАЛЫ ЖИЫРМАДАН АСПАПТЫ

Жетістігіміз жайлы сөз еткенде, жолымызда кездескен жандарды тілге тиек етеміз. Бірақ бастапқы қадам отбасының тәлім-тәрбиесі мен оның құндылығында жатқанын көбісіміз біле бермейміз. Ата-анаңыз, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…

– Кеңес үкіметі кезінде атам Қалымбет жиырма бес жыл колхоз бастығы болған. Сонау 1931-32 жылдары «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын!» деп, Кеңес үкіметі қолдан ашаршылық жасаған кезде, халықтың қамбаға тыққан арпа-бидайын көрмегендей сыңай танытады екен. Бұл әңгімені атамның көзін көрген кісілерден көп естідім. Бір қызығы, колхоз бастығы бола тұра, қорадағы малы жиырмадан ары аспапты.

Әжем де текті кісі еді. Әжемнің ауылында мыңғырған малы бар Ниязбек деген бай болыпты. Сол кісі ел басына күн туып, жұрт аштықтан қиналып, жан-жаққа бас сауғалап бара жатқан кезде бар малын сойып, асырап, бүкіл ауылды аман алып қалған екен. Мен 9 мамыр күні өмірге келгенмін. Жұрттың  бәрі  атымды «Жеңіс» қоямыз деп жатқанда, әжем: «Ниязбек секілді қайырымды бай болсын!» деп ырымдап, Ниязбек атапты. Міне, осы жайттың бәрін ата-анам құлағыма құйып, тәрбиеледі. Бүгінде оларға мәңгі қарыздар екенімді сезініп, бар жағдайын жасап, көңілдеріне қаяу түсірмеуге тырысамын.Жетістікке жету, алға қарай ұмтылу, абыройлы болу бала кезде жүктелген жауапкершіліктен басталды десем жаңылыспаймын.

Кәсіп ашсам деп армандап жүрген жастар көп. Солардың бірі келіп,сіздің жетістігіңізге жету үшін не істеу керек деп сұраса не дер едіңіз?

Өзіңе, кәсіпке адал болу керек дер едім.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан АбАЙҰЛЫ

Анықтама: «Кереге» жарнама өндірістік фирмасы – сыртқы жарнама, Мемлекеттік Рәміздер, типография және полиграфия. Баннер, билборд, балабақша, мектеп пен жоғары оқу ордаларындағы көрнекіліктерді жасайды.

Ниязбек Қалымбетов 1983 жылы өмірге келген. Кәсіпкер.

«Қызмет» газеті №42

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *