Балалар әдебиеті — әдебиетіміздің өскелең бір саласы

«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген тәмсілге ден қойған дана халық бала дегенде ет жүрегі елжіремей қоймас. Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім ордасы.   Сондықтан да бұл сала ешқашан қамқорлықтан, жанашырлықтан тысқары қалмауы керек. Осы орайда «Фолиант» баспасында жарық көрген балалар әдебиетінің үздік шығармалары топтамасы дайындады.

«Бұрындары жас ұрпақты біріктірген М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі болса, қазіргі ақпараттық технологиялар заманында мазмұнды, тәрбиелік құрал бола алатын кітап таңдау қиын. Отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да – қазіргі көкейкесті мәселелердің бірі. Үздік шығармалар арасында А. Гриннің, М. Твеннің, В. А. Обручевтің, А. Линдгреннің, Дж.Свифттің, Эрих Распенің, Баянғали Әлімжановтың және Әлия Беркімбаеваның туындылары бар. Сондай-ақ, бұл әлемдік классика туындылары алғаш рет қазақ тіліне аударылып, қазақтілді оқырманға ұсынылып отырғанын атап өту керек», — деп жазады баспа үйі. А. Гриннің «Алқызыл желкен. Хикаят. Толқын перісі» кітабы. «Алқызыл желкен» романы — махаббат жайлы сырлы да нәзік поэма. Туынды махаббат пен үміттің, үлкен арман мен батыл қадамның символы. «Толқын перісі» — Александр Гриннің танымал шығармаларының бірі. Толқын бетімен жүре алатын ғажайып қабілетке ие әдемі қыз Фрези Грант туралы романды оқи отырып, арманшыл Томас Гарвеймен бірге «Толқын перісімен» және «Сүңгуіріне» саяхат жасаңыз.

Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» кітабы. 1726 жылы, «Робинзон Крузодан» кейін арада бар-жоғы жеті жыл өткен кезде, абырой-даңқы Дефо шығармасынан кем түспейтін осы «Гулливердің саяхаттары» жарық көрген еді. Мұнда әуелде оташы, кейіннен бірталай кемеге капитан болған Гулливердің дүниенің түкпіріндегі бірнеше елге жасаған қызықты саяхаты баяндалады. Бұл шығарма — бір жағынан әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды роман-памфлет. М. Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» кітабы. Бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі тартыстарға толы. Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVШ ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашық тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі суреттеледі.

В. А. Обручевтің «Жұмбақ жер» кітабы. Арктиканың ақшулан мұздары арасында беймәлім аралдар болуы мүмкін деген жорамалға көптеген зерттеушілер таяу күндерге дейін сеніп келді. Белгілі орыс геологы, академик В. А. Обручев өз романына осы жорамалды негіз етіп, «Санников жері» деп аталатын аралды іздеп табуға аттанған экспедицияның басынан кешкендерін қызықтыра суреттейді. Кітапта осынау жұмбақ жердің табиғаты, оны мекендейтін адамдардың тіршілік тынысы айшықты бейнеленген. Көркем қиял танымдық қасиеті мол мәліметтермен шебер үйлесім тапқан. Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары» кітабы. «Фолиант» баспасының тапсырысымен жарық көретін кітап – әлем әдебиетінің алтын қорына енген шығармалардың бірі. Туындыны қолдануға тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай ерекше дизайнда ұсыну үшін бірнеше маман жұмылдырылды. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген неміс жазушысы Эрих Распе өзінің ғажайып әңгімелерін Мюнхгаузен деген әзілкеш адамның басынан кешкен оқиғалары түрінде жазып шыққан.

А. Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» хикаялары. Әлемге әйгілі балалар жазушысы Астрид Линдгреннің аталмыш еңбегі Швецияда «Балақай және шатырда тұратын Карлсон» кітабынан әлдеқайда танымал екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Қаламгердің Карин атты қызы ауырып қалғанда, әр кеш сайын көңілін аулау мақсатында шығарған әңгімесі кейіннен қызықты хикаятқа айналды. Айтқанға көнбейтін баланың психологиясын негізге ала отырып жазылған шығарма бүгінге дейін әлемнің 80-ге жуық тіліне аударылған. Қазақ тіліне алғаш рет ағылшын тілінен аударылып отырған «Ұзыншұлық Пиппи» қазақ тілінде кітап оқитын оқырман қауымның да әдебиет пен кітапқа деген құрметін еселендіреді деп үміттенеміз.

«Қазақ халық ертегілері» жинағы. Керқұла атты Кендебай, Таусоғар мен Көлтауысарды жолдас еткен Ер Төстік, алтын сақасын іздеген бала, Ай астындағы Айбарша сұлу мен Күн астындағы Күнікей қыз – халық ертегілерінің қаһармандары бар мұратына жетіп, баланың қиялына қанат бітіреді. Ертегінің кез келген кейіпкері – ақылды тасбақа мен қоян, қарға мен кірпі, тіпті кішкентай құмырсқаның өзі мейірімділікке, ізгілікке баулиды.

Әлия Беркімбаева жазған «Дәуіт атайдың ертегілері». Дәуіт атайдың ертегілеріндегі кейіпкерлердің соғыстан кейінгі қиын-қыстау замандағы ауыртпалыққа қарамастан, жүректеріндегі рух-жігерді, адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін жоғалтпай, нағыз дос, қайырымды адам болып қалуы жүрекке жылу ұялатады. Талай уақыт бойы нан көрмей, қақаған қыстың аязына төтеп берген ұл-қыздар бізге қарапайым заттардың қадірін бағалай білуді үйретеді. «Дәуіт атайдың ертегілері» — кішіні де, үлкенді де баурап алатын сиқырлы ғажайып ертегілермен үйлесім тапқан терең, мағыналы да мәнді туынды. Тулин Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі. «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» демекші, арман адамды қанаттандырады, алға жетелейді, ынталандырады, күш сыйлайды. Жолыңа сәуле шашып, биік мақсаттарға жетелейді, өмірден өзіңді табуға көмектеседі. Біздің кейіпкеріміз Синанның да өз арманы болатын. Ол бала кезінен суретші болуды армандайтын. Алайда қолына қылқаламын алып, енді отыра бергенде бір іс дайын тұратын. Сөйтіп, сүйікті ісіне қанша көңіл бөлгісі келгенімен, уақыт тоқтаусыз өте берді. Күндердің күнінде газеттегі хабарландыруды көзі шалып, жүрек түбіндегі арманы қайта оянады.

Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы. «Өлең-Әліппе» жинағын да ата-аналар мен мұғалімдер ризашылықпен қабылдап, бүлдіршіндерге түсінікті, жеңіл әрі қызықты, мазмұнды дүниелер ретінде жоғары бағаға ие болары анық. «Жақында баспадан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Николай Носовтың «Дымбілместің Айға сапары», Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» шығармалары жарық көреді. Әдебиеттің қызметі саналы, өзіндік дүниетанымы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу болса, бұл кітаптар еліміздің рухани саласына қосар үлесіміз деп білеміз», — дейді баспа өкілі.